Қазақстан мен Түркия ақпарат ынтымақтастығы келіссөздерін бастап кетті

Түркі дүниесінде ақпараттық кеңістік құрып, тарихи кинотуындылар мен ортақ сериалдарды бірлесе жасағанымыз абзал. Түркістан саммитінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осындай ұсыныс жасаған еді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та түркі халықтарына ортақ мәдени-ағарту кеңістік құру қажеттігін айтқан болатын. Осы ретте ортақ жобаларды жүзеге асыру бойынша келіссөздер басталып кетті. 

Түрік астанасындағы кездесулердің мақсаты анық. Бауырлас мемлекеттер арасында ақпараттық саладағы ынтымақтастықты арттыру. Осы бағытта Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева бастаған топ Анкараға табан тіреп, алдымен Түркия Президенті Әкімшілігінің ақпарат бас басқармасының басшысы Фахреттин Алтунмен кездесіп, «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапаттады. Қос басшы екі ел арасында мәдени-ағартушылық кеңістік құру жөнінде пікір алмасып, нақты нәтижелерге қол жеткізді.

Фахреттин Алтун, Түркия президенті әкімшілігінің қоғаммен байланыс жөніндегі басқармасының басшысы:

- Түркі Кеңесінің бейресми саммитінде ақпараттық кеңістік құру жөнінде ұсыныстар болды. Жуырда Түркия-Әзербайжан бірлескен ақпараттық платформасын құрдық. Дайын платформаға  Түркі Кеңесіне мүше мемлекеттерді қосуға болады. Оны атауы да «Түркі Кеңесі медиа платформасы» деп аталсын. Мұнда Кеңеске мүше елдердің мүмкіндіктерін біріктірейік. Оның аясында телевизиялық жобалармен бірге ақпараттарды тікелей бір-бірімізден алайық. 

Бауырлас елдер сан салада тығыз байланыста болуы маңызды. Әсіресе Қазақстан мен Түркия арасында жастар саясаты, әлеуметтік және спорт салаларында ынтымақтастық нығаюы тиіс. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Түркия Жастар және спорт министрімен кездесуі барысында осы тақырыптарды пысықтады. Қос тарап жастар саясаты саласындағы байланысты нығайту үшін Өзара түсіністік туралы меморандум жасауға уағдаласты.

Мехмет Қасапоглу, түркияның жастар және спорт министрі:

- Бауырлас қазақ елімен жастарды дамытуға қатысты бірлесе жұмыс істеу біз үшін өте маңызды. Екі ел жастарының болашаққа нық қадам басуы үшін біз түрлі жастар орталықтары арқылы бірнеше маңызды жобаны қолға алмақпыз. Жастардың потенциалын дұрыс пайдалансақ олар алдағы уақытта елімізге үлкен пайда беретініне сенімдімін.  

Діни сауаттылық - қауіпсіздік діңгегі. Мұны қамтамасыз ету үшін заман талабына сай сапалы маман даярлау қажет. Бүгінде Түркия университеттерінде діни білім алып жүрген жастар баршылық. Анкарада Дін істер басқарма төрағасы Али Эрбашпен кездескен Аида Балаева Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жіберуімен қазақстандық теологтарды даярлаудағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін жеткізді.

Жуырда қазақ- түрік көрерменіне «Тылсым дүние» телехикаясы жол тартады. Бірнеше бөлімнен тұратын кинотуындыда Қожа Ахмет Яссауидің өскен ортасы, тағдыры мен  өмір сүрген кезеңі баяндалады. Ақжолтай жаңалыққа министр Балаева Түрік радио-, теледидар бас директоры Ибрахим Эренмен кездесу нәтижесіне қол жеткізді. Сондай-ақ қос тарап түркі мәдениеті мен тарихын танымал ету жолында ортақ жобаларды бастауға әзір екенін мәлімдеді.

Ибрахим Эрен, Түрік радиотелевизия мекемесінің бас директоры:

- Қазақстан мен Түркия бауырлас елдер. Біздің басты, мақсатымыз алдағы уақытта туыстас мемлекетпен ортақ жобаларды жүзеге асыру. Себебі халықтарымыз бір-бірін жақыннан тануы тиіс. Осы тұрғыдан бірқатар туындыларды 4 көрерменге жол тартуын жоспарлап отырмыз. Халықаралық ТРТ киностудия қалашығына ірі көлемде инвестиция құйдық. Мұны бөлісуге дайынбыз. Бұдан бөлек ТРТ ретінде балаларға арналған жобаларды жасауды мақсат етеміз. Алдымыздағы 2 жыл қос ел үшін үлкен жобалардың жылы болмақ.

Бастысы, қос тарап күллі түркіге ортақ тұлға Қорқыт ата туралы бірлескен сериал түсіру бойынша уағдаласты.

Аида Балаева, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

- Түрік еліне ортақ тұлға Қорқыт атамыз, оны тек Түркия-Қазақстан ғана емес, әзербайжан, түрікмен бауырларымызға ортақ тұлға. Осы ретте ендігі бірлесіп түсіретін сарилымыз осы Қорқыт ата мұрасына арналады. Менің ойымша, ол тележоба болады. Бұқаралық халыққа осы екі бауырлас еліміздің тарихын, мұрасын көрсететін бірден бір жоба. 

Сонымен қатар Анадолы агенттігі басшыларымен кездесу өтіп, журналистердің тәжірбие алмасуы мен ортақ контент құру жөнінде пікір алмасты. Бұл жұмыс сапары ақпарат саласындағы ынтымақтастықтың басы ғана. Екі елдің ортақ жобалары жалғасатыны даусыз.

Автор: Меруерт Қанағат