«Тобыл-Торғай әуені» антологиясы жарық көрді

Қазақ музыка өнері тың туындылармен толықты. Торғайлық зерттеушілер көмескі тарта бастаған құнды дүниелерді қайта жарыққа шығарды. Олар «Тобыл-Торғай әуені» атты 3 бөлімнен тұратын антология әзірлеген. Бұл жинаққа 90 әннің мәтіні нотасымен бірге еніпті. Кітапты басып шығаруға Қостанай облысының әкімдігі мұрындық болған. 

Еткен еңбек еш кетпеді. Ғалымдар бір жыл бойы талмай ізденіп, ақыры осы жинақты жарыққа шығарды. «Тобыл-Торғай әуені» көнені жаңғыртудың нақ үлгісі болса керек. 200 данамен басылған кітапқа бұқара бұрын-соңды ести қоймаған әндердің мәтіні нотасымен бірге енген.   

Батырлан Сағынтаев, жинақ авторы:

– Тобыл, Торғай өңірінің ерте заманда өткен дәстүрлі музыка өнер иелерінің шығармалары енген. Яғни әншілер мен күйшілердің шығармалары. Мұнда 90 нота енгізілген. Бұлардың барлығы да – авторлық шығармалар. Сонымен қатар кітаптың екінші бөлімінде сол өңірдің музыкалық мұрасына қатысқан ғылыми танымдық мақалалар берілген. Және де сол өнерпаздардың суреттері қосымша берілген.

Жинақ Арқалықта жарық көрген. Оны басып шығаруға облыс әкімдігі мұрындық болыпты. Үш бөлімнен тұратын антологиядан өресі биік өнер иелерінің тың туындыларын табуға болады.   

Жанғали Жүзбай, қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры:

– Бұрын жарыққа шықпаған әндерді нотаға түсіру, олардың тарихи деректерін жазу және оларға анализ жасау, салыстыру мәселесіне келгенде үлкен сауаттылықты көрдім.

Торғай – талай сырды ішіне бүккен, талай тарланды түлете білген қасиетті мекен. Жас ғалымдардың бұл еңбегін үлкен олжа деуге болады. Бүгінгі буынға да, келер ұрпаққа да азық болар дүние тапты. Олар әлі де іздене бермек. Өйткені Арқалықтай атыраптың мәдени мұраның алтын көмбесіне айналғаны қашан?!   

Дастан Сейілханұлы