Бакуде Түркі кеңесі жұмыс тобының мәжілісі өтті     

Әзербайжан астанасы Баку қаласында Түркі кеңесінің медиа мен ақпарат жөнінде жұмыс тобының сегізінші мәжілісі өтті.

Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Венгрия өкілдері 2021-2022 жылдарға арналған іс-шара жоспарын талқыға салды. Түркітілдес мемлекеттердің тарихы мен мәдениеті туралы көркем және дерек фильмдерді түсіру және медиа саласының мамандарына арналған оқу курстарын оқыту жайы да айтылды. Сондай-ақ басқосуға қатысушылар түркітілдес мемлекеттер егемендігінің 30 жылдығына орайластырылған медиафорум өткізуді ұсынды. Айта кету керек, қазір Түркі кеңесі бірыңғай ақпараттық телеарна құруға кірісіп кетті. 

Гисмет Гозелов, Түркі кеңесі бас хатшысының орынбасары:

- Елдер арасындағы қарым-қатынастарды дамытуда медиа және ақпараттық ынтымақтастықтың маңызы зор деп санаймыз. Түркітілдес мемлекеттердің мәдени құндылықтарын бүкіл әлемде насихаттауда бұқаралық ақпарат құралдары жетекші рөл атқарады. Сондықтан хатшылығымыз осы бағытта өзара ынтымақтастықты дамытуға және нақты нәтижелерге жетуге тырысып келеді.