Тбилисиде Абайдың шығармалар жинағы грузин тілінде жарыққа шықты

Елшіліктің мәліметіне сүйенсек, ұлы ағартушының туындыларын белгілі кавказ ақыны Илья Чавчавадзе мен Грузия Жазушылар одағының басшысы Маквале Гонашвили аударыпты. Ал баспадан шығаруға Қазақстанның Грузиядағы елшілігі мұрындық болған.

Тбилисиде қазақтың ұлы ақыны және ағартушысы Абай Құнанбайұлының грузин тіліне аударылған алғашқы шығармалар жинағының тұсаукесері өтті. Іс-шараға елдің саяси, мәдени және қоғамдық топтарының өкілдері қатысты.

Гүлмира Сұлтанат, Грузиядағы Қазақстан Республикасы елшілігінің кеңесшісі:

- Абай шығармаларын әлем халқы өз тіліне аударуға құштар. Абай жасқа, ұлтқа бөлінбейді. Оның мұрасы ешқашан құндылығын жоймайды.  Поэзия Грузия үшін маңызды. Сондықтан грузиндердің ұлы қазақ ақынымен тереңірек танысқанын қалаймыз.

Грузия Жазушылар одағының төрағасы Маквала Гонашвили қазақ ақынының туындыларын орыс тілінен аударған.

Кітап редакторының айтуынша, аударма қазақ мәдениетін, философиясы мен тұрмыс-тіршілігін қаз қалпында жеткізген.

Маквале Гонашвили, Грузия Жазушылар одағының төрағасы:

- Дәстүріміз, дүниетанымымыз бөлек шығар, бірақ Абайдың өлеңдері жанымызға өте жақын. Оқырмандардың жақсы пікірі өте көп. Ұлы ақынның туындыларын насихаттауға үлес қосқаным үшін өте қуаныштымын.

Іс-шараға қатысушылар Хакім Абайдың жазу стилі мен философиялық ой-толғамдары туралы ойларымен бөлісіп, жыл сайын осындай басқосулар өткізуді ұсынды.

Екатерина Карчава, оқырман:

- Бүгінгі іс-шараға қатысу мен үшін өте қызықты болды. Мен суретшімін.Ұйымдастырушыларға шексіз алғысымды білдіремін. 

Сондай-ақ басқосуда қазақ поэзиясы мен прозасы антологиясының орыс тіліндегі нұсқасы таныстырылды. Оқырмандардың айтуынша, екі елдің менталитеті ұқсас келеді. Ал Абайдың дана сөздері Қазақстан мен Грузия арасындағы мәдени байланысты нығайта бермек.

Авторлар: Әнел Еділқызы, Юлия Тужилкина