Түркі кеңесі: қазақстандық көрерменге «Тылсым дүние» телехикаясы ұсынылмақ

Түркі кеңесіне қатысушы елдер медиа және ақпарат саласында ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.

Осы бағытқа жауапты министрлердің үшінші отырысы Бакуда өтті. Қазақстан атынан Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Асхат Оралов, «Хабар» және «Қазақстан» акционерлік қоғамдарының басшылық өкілдері қатысты.

Медиа саласы министрлерінің үшінші отырысы ақпарат құралдарының халықаралық ынтымақтастығын нығайту және түркі мәдениетін кеңінен насихаттау мәселелеріне арналды. Бакудағы жиын оффлайн форматта өтті. Бірақ барлық санитарлық қауіпсіздік талаптары қатаң сақталды. Қазақстанның Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Асхат Оралов түркітілдес елдердің ынтымақтастығын тереңдетуге бағытталған іс-әрекеттер қазақ елінің ақпараттың саясатының басым бағыты екенін атап көрсетті және Түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістан қаласының жаңа мәртебесіне ерекше тоқталды.

Асхат Оралов, ҚР ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі:

– Өздеріңізге белгілі, ағымдағы жылдың 31 наурызында Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесіне мүше барлық мемлекет басшыларының қатысуымен Түркі кеңесінің саммиті өтті. Саммит аясында Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өңірлік және халықаралық аренада түркі әлемінің құндылықтары мен мүдделерін ілгерілетуге қолдау ісіндегі рөлінің күшеюін ерекше атап өтті. Саммит қорытындысы бойынша, декларация қабылданып, онда Қазақстанның тарихи қаласы – Түркістан «Түркі әлемінің рухани астанасы» болып жарияланды.

Әлеуметтік медиа мен әртүрлі ақпараттық ресурстардың рөлін кеңейту үшін Түркі Кеңесінің Хатшылығы мүше мемлекеттердің медиа-құрылымдардың арасындағы байланысты күшейту қажет деп есептейді. Тараптар бірлескен телеарнаның тұжырымдамасын ортаға салды. Құжат бойынша жұмыс биыл аяқталуы тиіс.

Бағдат Әмреев, түркі кеңесінің бас хатшысы:

– Медиа саласы бойынша біздің елдердің арасындағы ынтымақтастыққа қатысы бар барлық мәселені талқыладық. Бірінші кезекте, бірлескен іс-шаралар жоспарын қабылдадық. Екіншіден, ақпараттық агенттіктеріміздің бірлесе жұмыс істеуін жандандыруға келістік. Түркі кеңесіне қатысушы елдер біздің мәдениетіміз, салт-дәстүріміз жайлы әңгімелейтін көркем, деректі фильмдерді бірлесе шығару және осы өнімді өзара бөлісу туралы уағдаластыққа қол жеткіздік.

Тараптар ақпараттық кеңістіктің жаңа қауіп-қатерінің бірі – жалған жаңалықтармен күрес деп атады. Отырысқа қатысушылар фейк-ақпараттың таралуына Түркі кеңесіне мүше елдердің медиа-құрылымдарының ақпаратты тікелей алмасуы тосқауыл қоя алады деп сенеді. Медиа саласындағы тығыс байланыс пен жаңа бірлескен жобалар жасау әлемге түркітілдес елдерде болып жатқан оқиғалар туралы шынайы ақпаратты жеткізуге жол ашады.

Хикмет Гаджиев, Әзербайжан президентінің көмекшісі:

– Түркі кеңесінің аясында медиа саласындағы ынтымақтастыққа арналған қажетті құқықтық өлшемдер бекітілді. Елдеріміз негізгі құжаттарды қабылдады, енді біздің алдымызда осы келісімдерді нақты іске асыру міндеті тұр.

Қазақстан Түркі кеңесі елдерімен телевизиялық өнімдерді, оның ішінде сериалдар мен деректі фильмдерді жылда алмасып келеді. Соңғы уағдаластықтың бірі – Қожа Ахмет Яссауидің өмірі мен еңбегі туралы түріктің «Тылсым дүние» телехикаясы жақында қазақстандық көрерменге ұсынылмақ. Сондай-ақ «Қорқыт ата» жаңа телевизиялық жоба қолға алынды. Бұл тележобалардың асыл мұраты – барша түркіге ортақ бай мәдени және тарихи мұраны насихаттау.

Ернат Мелсұлы, Айгүн Гасан