429,33 519.25 5.73
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Рахат ауылында алғаш рет 300 орындық мәдениет үйі салынып жатыр

  • 85
  • UPD: 15:28, 12.04.2021

Маңғыстау облысында 46 мың халық қоныстанған Рахат елді мекенінде алғаш рет 300 орындық мәдениет үйі салынып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Екі қабатты нысанда бір мезетте 45 адамды қабылдайтын кітапхана да орналасады. Кітап қорында 12-14 мың әдеби оқулық болатыны айтылды. Ғимарат осы жазда ашылған соң 32 жаңа жұмыс орны пайда болады. Қазір құрылыс басында 60-тан астам жергілікті азамат жұмыс істеп жүр. Осы ауылда автокөлік жолдары жөнделіп, қарғын су ағатын арықтар қазылып жатыр.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Тәуелсіздік жылдары алғаш рет бой көтерген мәдениет үйінің сыртын сырлау жұмыстары аяқталуға жақын. Жұмысшылар бір мезгілде ішкі әрлеуін де қолға алған. Нысанның бір бөлігін тұтасымен 300 орындық көрермен залы алып жатыр. Орта бөлігі ұжым қызметкерлеріне арналса, тағы бір бөлігінде кітапхана орналасады. Жоғары қабаттағы бөлмелер эстрада және театр өнері, бейнелеу тағы басқа үйірмелерді өткізуге жабдықталады.

Ғабит Омаров, Жаңаөзен қалалық құрылыс бөлімінің бас маманы:

- Өзіңіз көргендей, қазір құрылыс жұмыстарының 80%-і аяқталып тұр. Мамыр айының аяғына дейін толық аяқтап, пайдалануға беру жоспарлануда. Ішінің жұмыстары жартылай басталып кетті. Адамдардың санын тағы да көбейтіп, солармен жұмыс жасап жатырмыз.

Рахат ауылы 2012 жылы Жаңаөзен іргесінде құрылды. 96 көшеге бөлінген елді мекенде 5 мектеп пен 5 балабақша бар. Ауыл халқының басын ауыртқан мәселенің бірі – 13 көшені үнемі қарғын су басады. Соңғы жылдары 544 млн теңге жұмсалып, жалпы ұзындығы 21 мың 700 метр аумақта суағар арық қазылды. 7 орында әрбірінің сыйымдылығы 100 текше метрлік темір ыдыстар қойылған. Жиналған су жасыл желекке құйылады.

Өсербай Табынчаев, ауыл әкімі:

- Резервуарда су бірнеше сүзгіден өтеді. Бұл жерде құмы тазаланып, екінші сүзгіге келеді. Ауылымызда егілген ағаштарды, көгалдарды тамшылатып суаруға біз 7 шақырымдық тамшылатып суару жүйесін жасап қойдық. Ауыз су мәселесі – әсіресе, Жұлдыз және Мерей шағын аудандары биікте орналасқандықтан, өткен жылы әрқайсына бөлек-бөлек ауыз су құбырын тартып жүргізіп бастадық. Ол енді осы жазға дейін пайдалануға беріледі.

Қазіргі уақытта 480-ге жуық азамат жұмыссыз ретінде тіркеуде тұр. Соның 290-ы қоғамдық жұмыстарға тартылған. Тағы 50 адам ауыл ішін абаттандырумен айналысып жүр. Бірі жарық бағаналарын сырласа, енді бірі тал көшеттерін суарып, ойын алаңдарына қоршау қойып жатыр.

Ұлмекен Сембаева, ауыл тұрғыны:

- Бұрын мен балабақшада жұмыс жасағам. Осы жұмысқа келгеніме 2 айдай болды. Жақсы, шүкір. Салық тарату, балаларды әскерге шақыруға повестка тарату. Сосын көшенің тазалығы бар, жалақымыз енді 60 мыңнан жоғары аламыз.

Жуық арада Рахат ауылында бір ауысымда 50 адамды қабылдайтын дәрігерлік амбулатория салынады. 30 жұмыс орны ашылады. Жоба құны 454 млн теңге. Сондай-ақ екі қабатты спорт кешенін тұрғызуға әзірлік басталды. Нысан іске қосылған соң 11 адам тұрақты қызметке алынады.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы