Елордада Сақ алаңын салу туралы ұсыныс түсті

Жоба авторы Мансура Жакеннің негізгі идеясы – ұлттық құндылықтарды дәріптеп, ерекше стильдегі ғимараттар тұрғызу, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әрі биіктігі жағынан теңдеcсіз туынды жасауды көздейді. Алаңның көрінісі жоғарыдан Алтын адамның бас киіміне ұқсайды. Қалашықтың шатыры ежелгі Сақ дәуірінің жебе үлгісінде жасалған.

Наргиз Бекмағанбетова, тілші:

- Бұл – «сақ алаңы». Заманауи архитектураға ұлттық нақыш пен тарих ұштастырылған жоба. Авторы Мансура Жакен жарты жылда тарихи туындыны жасап шығарған. Онда бірнеше сәулет нысандары орналастырылған. Мәселен, Tomiris бизнес-орталығының ғимараты «алқа» ұлттық әшекейі түрінде бейнелеген. Өнер иесі аң стилінде үйлестіріп, орта ғасырдағы Ұлы Жібек жолына іспеттес жасаған.

Кез келген елге ұшып барсаңыз, көзіңізге бірден ғимараттар түседі. Олар сол елдің тарихынан, мәдениетінен хабар береді. Нысандарға қарап, әлемнің қай бұрышында жүргеніңді бірден түсінесің. Болашақта қазақ елінің астанасында да сондай тарихи қалашық пайда болады деген сенімдеміз.

Әрине, Қазақстан тарихы мен мәдениеті бай ел. «Біздің философиямызды архитектура арқылы елге келген туристерге жеткізу қажет», - дейді дизайнер. Бұл имидждік жоба болғаннан кейін мемлекет тарапынан қызығушылық болады деген сенімде. Оны іске асыру үшін шамамен 20 миллиард теңге қажет екен.

Мансура Жакен, сәулетші-дизайнер:

- Біздің тарихымыз бен ата-бабаларымыз, яғни, бұл біздің бірегейлігіміз және басқа халықтар мен елдерден айырмашылығымыз. Қалаға келген барлық шетелдіктер елде сақтардың ұрпағы екендерін бірден түсінеді, ал балалар мен жастар өз тарихын біліп, оны мақтан тұтады.

Ұлттық нақыштағы элементтер арнайы үйлестірілген «Керуен сарай» туристік кешенін атап өткен жөн. Түркістандағы қалашықтың ішінде Жібек жолы дәуіріндегі саудагерлер мен қолөнершілер көшесі, аттар шоуы өтетін амфитеатр, қиял-ғажайып балалар ойын алаңы, сауда орындары мен мейрамханалар мен су бетіндегі театр да орналасқан. «Туристердің ерекше ықыласына бөленген мекенді басқа қалаларда да салған жөн болар еді», - дейді жоба авторы.

Мансура Жакен, сәулетші-дизайнер:

- Әр қаламызда біздің уникалды қазақи кодымыз болса деп ойлаймын. Шетелден келген қонақтарымыз әуежайдан шыққаннан бері қай елге келгенін екенін түсінуі керек. Сондықтан архитектура басты рөлді ойнайды.

NeoQazaqStyle архитектуралық стилінің авторы елордадағы мәдени орталықтардың жобасын әзірлеуде. Астанадағы ғимараттарда ұлттық келбет болуына атсалысып жүрген өнер иесінің тың идеялары бар. Ол «қазақи нақышты тұрмысымызға ерекше талғаммен енгізуді көздеймін», - дейді.

Авторлары: Наргиз Бекмағанбетова, Нұрғали Мамурбаев, Досхан Қораз