Шөмішбай Сариев бүгін 75 жасқа толған күнін атап өтер ме еді...

Ән аспанында қалықтаған қырандай еді... Кейінгі буын мен замандастары ақын Шөмішбай Сариевті осылай сағынышпен еске алады. 

ірісінде тұтас қазақты әнге бөлеп, жауһар жырларымен жылытқан ол нағыз лирик болды. Өткен шақта сөйлеуге мәжбүрміз. Көзі тірі болса Шөмішбай ақын бүгін 75 жасқа толған күнін атап өтер ме еді... Бірақ әлемді табаға салып қуырып тұрған мына індет бұл кісіне де ілмегіне іліп әкетті.

Оқырманға да ой салды, тыңдарманның да тілін таба білді. Ол – лирикалық жырларымен де, әуезді әуендерге сүбелі сөз жаза білуімен де көпшілікке танылды. Содан шығар, Ғафу Қайырбеков бұл кісіні «қос қанатты ақын» деп еді. Сөз зергерінен мұндай мақтау есту қаламын енді ғана ұштап бастаған қалақтай жігітке әсілінде мақтаныш емес еді. Атанға артылар жүкпен бірдей болған. Абыроймен алып өтеріне көбі сенді. Сол сенімге Шөмішбай селкеу түсірмеді. «Атамекендей» ғажап туындыны өмірге әкелді. Әннің құдіреті ғой... Төрткүл дүниеге тарыдай шарырап кеткен тағдырлы қазақ осы әнді естігенде еріксіз елге ағылыпты.

Роза Рымбаева, Қазақстанның халық әртісі:

- Бұл әнді естіген дүниежүзі қазақтары «тек қана өзіміз емес, елде отырған, бұл әнді елге шақыру, тарихи Отанына шақыру» деп гимн ретінде қабылдап, қаншама мен осы қазақ бауырларымды білемін, шетелде осы әнді естіп, елге қоныс аударған. Бұл әнді енді әлі де гимн ретінде қабылдауға болады.

Бұл күні ақынның хақын білмейтін буын қалыптасып келеді. Ұйқас тапқанды қалқалап, қорқаштап шыға келетін болдық. Соларды сүлей деп деп соғатындарды қайтесің?! Ал Шөмішбайлар қандай еді?! Алыппын демеді.

Шөмішбай ақын тірісінде 500-ге тарта әнге сөз жазған. Қай-қайсысын алсаң да, шоқтығы биік шығарма. Шайырдың сөзіне жазылған сол әндерді еңбектеген бала да айтады, еңкейген қарттарға дейін біледі. Халық әндеріндей болып кеткен ғой. Кім біледі, қазақтың тамырындағы бүлкілді тап баспаса бұлай болмас та еді... Ал ол ұлтқа не керек екенін білді. «Көңілдің қылын шертті» деп жатамыз ғой. Сол сөз осындайда айтылса керек.

Бақыт Беделхан, ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері:

- Қаншама ақындарымыз бар. Бірақ ән мәтінін мәнерлеп жазу – қиынның-қиыны. Оған ерекше қабілет-қарым, ерекше дарын керек. Соған лайық қанатын жайып, ән аспанында қырандай самғаған бір ақын болса, ол Шөмішбай Сариев.

Ән аспанында қалыптап, қия басына қонған қыран да Алладан пәрмен келген күні келместің кемесіне мініп, кете барады... Шөмішбай Сариев 75 жасқа қараған шағында өмірден өтті. Өзі өлгенімен, өлеңдері өлмейді. Өміршең болып қалады. Өйткені оның өлеңі-тірісінде қадірін білген қазақпен мәңгі жасайды.

Авторлары: Дастан Сейілханұлы