Бейжіңде тағы құмды дауыл соқты

Бейжіңде үшінші рет құмды дауыл соқты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл жолы наурыз айындағыдай алапат болмағанымен, ластану деңгейінің шегі шамадан көп. Дауылмен аралас жаңбыр жауған. Бұл табиғи құбылыс деген Үкімет өкілдері алдағы уақытта қоршаған ортаны қорғауға баса назар аударатындарын айтты.

Құмды дауыл соққан кезде ауаға шаң көтеріледі. Бұл адам денсаулығына әсер етіп, түрлі аурулар туғызуы мүмкін. Әсіресе, тыныс алу жүйесіне қауіпті.

Блиц 1:

- Құмды дауылдар менің көңіліме әсер етті. Айналаның барлығы сұр болғасын, өзімді жабырқаңқы сезіндім. Үйден шықпауға тырыстым.

Блиц 2:

- Көзім мен мұрным құм, шаңға толып кетті. Әрине, қатты сезіледі. Өкпеме шаң түспес үшін үнемі бетперде тағып жүрдім. Үйге келгенде киімім де шаң-шаң болатын. 

Ресми мәлімет бойынша құмды дауылдар Моңғолия аумағынан соғады. Наурыз айында оның салдарынан елдің 177 қаласында ауа қатты ластанды. Тіпті кейбір әуежайларда рейстер де шегерілді. Билік өкілдері көлік жүргізушілерге жолда абай болуға шақырып, тұрғындарға қажетсіз үйден шықпауға нұқсау берді.

Лю Юбинь, ҚХР Экология және қоршаған орта министрлігінің ресми өкілі:

- Құмды дауылдар негізінен табиғи факторлардан туындайды. Бірақ бұл адамазаттың тек бір ғана Жері бар екенін тағы да еске салды. Экологиялық ахуалды жақсарту ең алдымен адамға қажет. Қоршаған ортаны қорғауға үлкен көңіл бөлуге ниеттіміз. Сондай-ақ осындай мәселелерді шешу үшін халықаралық ынтымақтастықты күшейту керек.  

Қытай ондаған жылдар бойы шөлді өңірлерін көгалдандырып келеді. Құмның көшуін тоқтату үшін 66 миллиардтай ағаш отырғызды. Бұл жұмысы өз нәтижесін беріп, құм дауылдары азайды. Алайда наурыз айында соққан дауыл соңғы он жылда ең күштісі болған.

Авторы: Ботагөз Сырғабаева