Қазақ сөз өнерінің тағы бір бәйтерегі құлады...

Көзі тірісінде классик атанып, кешегі алыптар тобының соңғы тұяғы Мүсіреповтен бата алған қазақтың шайыры Есенғали Раушанов өмірден озды.

Көпшілік ортадан саяқ жүруге тырысып, сұхбат беруден қашқақтайтын мэтрдің таспаға түсіп қалған кей тұжырымдарын өздеріңізбен бөлісе кетуді жөн көрдік.

Бес мүшел пайғамбар жасынан асқан шағында дүние салған ақынның ойы да, сойы да өзгеден бөлек еді. Оның поэзиясы, иірімдері тым әріден қозғайтын. Ол Құдайдың қазақ тілінің әуезін бұзбай кейінгіге аманаттаған елшісі тәрізді еді. Қасиетті Құран да поэзия тілімен жазылған. Сол мәртебелі поэзияға қылау түсірмей өбектеген талант кейінде құстар тақырыбын індете зерттеді. Құс та, қазақ та бір.

Есенғали Раушанов, ақын:

- Қазақта басқа халықтармен иығын теңестіріп тұру, бұл ұяты мен иманына бағынады. Ал өзінің бостандығына келген кезде бұған қара пенде сияқты жермен жүру ол аздық етеді. қазақ аспанда қалқып ұшып жүргенді тәуір көретін халық. Духтың күштілігі, рухтың күштілігін айтып отырмын мен бұл жерде.

Есенғали Әбдіжаппарұлы 1957 жылы 5 қазанда Қарақалпақстанда дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген соң еңбек жолын Өзбекстанның Жызақ облысындағы «Достық» газетінде әдеби қызметкер болып бастайды. Содан кейінгі жылдары «Жалын» журналында қызмет етті. «Арай», «Зерде» журналдарын, Жазушы баспасын басқарды. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Шығармалары орыс, литва, украин, болгар, чех, өзбек, қырғыз тілдеріне аударылған.

Есенғали Раушанов, ақын:

- Сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қойсаңыз, ұлтыңыз өзгереді. Ең басты әңгіме сонда. Бәлкім, бүгін айта салып ертең ештең өзгеріп кете қоймас. Бірақ қазақта сөз бар. «Тамшы тас жарады» дейді. Менің қуанатыным, ұлттың сапалық тұрғыда өзгеруі.

Қазақ сөз өнерінің тағы бір бәйтерегі құлады. Қош аға! Бақұл болыңыз!

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Нұрбек Бекбосын