«Бақшасарай фонтаны» қойылымы «Астана Опера» репертуарына қайта қосылды

Б.Асафьевтің «Бақшасарай фонтаны» «Астана Опера» театрының репертуарына қайтып оралды.

Ұзақ үзілістен кейін 23, 24 және 25 сәуір күндері елордалық труппа хореографиялық поэманы қайтадан орындамақ.

Қоюшы балетмейстер, «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі, Ресейдің Халық әртісі Алтынай Асылмұратова Ростислав Захаров хореографиясының түпнұсқасын қайта жаңғырту бойынша жұмыс істеуде, қоюшы дирижер Арман Оразғалиев оркестрдің мінсіз дыбысталуына жауап береді, сахнаның шығыс нақыштағы жабдықтарын қоюшы суретші, қазіргі заманның атақты сценографы Эцио Фриджерио мен костюмдер бойынша суретші, «Оскар» сыйлығының иегері Франка Скуарчапино жасады.

«Біздің міндетіміз – аталмыш спектакльді түпнұсқаға барынша жақындата түсу. Әрине, безендіру сол қалпында қалады. Алайда біз Р.Захаровтың бастапқы нұсқасындай болуы үшін хореография бойынша жұмыс істейміз. Мен бұл спектакльді көріп өстім, алғаш рет ол  1934 жылы Киров театрының сахнасында қойылып, кейінгі жылдары да көрсетілді», - деді Алтынай Асылмұратова.

Еске салар болсақ, спектакльдер Ashyq жобасы аясында өтеді. «Астана Опера» театры алғашқылардың бірі болып аталмыш бағдарламаға қатысуға өтінім беріп, рұқсат алды. 23 сәуірден бастап театр есігі көрермен қауым үшін қайта ашылады.