Ғазиза Әбдінәбиеваның мейірімге толы жарқын бейнесі ел есінде мәңгі сақталады...

Қазақ өнері тағы бір саңлағынан айырылды.

Театр мен кино саласының майталманы Ғазиза Әбдінәбиева 73 жасқа қараған шағында дүние салды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жарты ғасырдан астам уақыт бойы сахна төрінде шынайылығымен, табиғи талантымен көрерменін тәнті еткен актрисаның мейірімге толы жарқын бейнесі елдің есінде мәңгі сақталары сөзсіз.

Гүлжан Көленқызы, тілші:

- Бұл – талантты актрисаның көрермен жүрегінен орын алған жарқын образдарының бірі және бірегейі. Әу баста шағын эпизодтық рөл болады деп жоспарланған Розаның образы, Ғазиза апайдың актерлік шеберлігінің арқасында тұтас бейнеге айналады. Ширек ғасыр бұрын түсірілген телехикая жайлы арнамызға берген сұхбатында, ақкөңіл апа тағы бір ағынан жарылған еді.

Ғазиза Әбдінәбиева, Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі:

- «Хабар» арқылы, «Тоғысқан тағдырлар» арқылы біз бүкіл Қазақстанның бәріне көрген жерде амандасып, қолыңды ұстап, бетіңді сүйіп, «көршіміз сияқтысың, туысымыз сияқтысың» деп әлі күнге дейін сәлемін аямайды. Әлі күнге дейін маған бәрі Реке, Реке дейді. Театрда да, кинода да жаныңды салып, осы ұмтыласың. Бірақ бәрібір тетя Роза деп айтады. Оған да қуанамын. Мейлі.

«Кино және театр сахнасында 60-тан астам ана образын сомдаған Ғазиза Әбдінәбиеваның қай бейнесі де шынайы актерлік өнердің үлгісі бола білді», - дейді әріптестері. Драманы да, комедияны да қатар алып жүрген кең жанрлы актриса өмірінің соңына дейін сахнадан қол үзген жоқ.

Еркін Жуасбек, М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры:

- Бұл кісіде жартылай, жеңілдеу деген әңгіме жоқ. Ғазиза апай кішкене былай сабырмен ойнай беріңіз десең, қалжыңдап, ол кісі «ойбай жаным-ау менде ондай жоқ қой, мен барымды саламын, қанша ауырып отырсам да, жағдайым болмай отырса да, сахнаға шыққанда бәрін ұмытып кетемін», деп қалжыңдап айтып жүруші еді.

Тұмса талант өнерге берерін сарқып үлгермеді. Соңғы уақытта Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романынан үзінділер жаттап, көрерменіне көркемдеп жеткізуді жоспарлап жүріпті. Әттең...

Еркін Жуасбек, М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры:

- Абай мен әжесінің арасындағы әңгімесі бар, романнан, 15 минут жатқа оқып айтты. Бұл кісінің айтуының өзі бөлек. Шын мәнінде «Әй, Абай, мен де көп әйелдің бірі едім, бір еркекке телінген көп әйелдің тағдыры қалай болатынын жақсы білуші едім» деген жерін оқыған кезде біз қарап отырып, сол заманды есімізге алдық.

Сахна үшін жаралған жанның адамгершілігі бір төбе. Ғазиза апайдың мейірімін көрген кейінгі жастар оны сахнадағы анасы санайтын.

Асхат Маемиров, музыкалық жас көрермен театрының директоры:

- Мен Әуезов театрының сахнасында бұл кісімен екі қойылымды сахналау кезінде керемет бір шығармашылық процестерді бастан өткердік. Ол мына Володиннің «Қоштасқым келмейді» драмасында бейтаныс әйелдің бейнесін сомдады. Сондай шынайы, көзден аққан мөлдіреген жас та сол Ғазиза апайдың жан сарайының тазалығын, ерекше мөлдірлігін көрсететін. Актрисаның қандай болатынын, жалпы әйелдің ананың, әженің бесік тербететін, қандай болатынын дәлелдеп кетті.

Ғазиз ана жүрегі тоқтады... Бір өкініштісі – індетке байланысты актрисаға соңғы рет сүйікті сахнасымен қоштасу бұйырмады. Бірақ оның жарқын бейнесі көрерменнің көңілінде мәңгі сақталатыныны сөзсіз.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Кенже Амраев