Павлодар облыстық филармониясының әртістері көрермендерімен қайта қауышты

Ертіс өңіріндегі Иса Байзақов атындағы облыстық филармониясының әртістері көрермендерімен қайта қауышты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Павлодарда бір жылдық үзілістен соң классикалық музыка концерті ұйымдастырылды. Қазақ ұлттық аспаптар оркестрімен бірге бір сахнада Ғазиза Жұбанова атындағы ішекті аспаптар оркестрінің музыканттары өнер көрсетті. Шара барысында санитарлық нормалар толық сақталды. Келушілердің дене температурасы тексерілді. Ал залдың тең жартысы бос тұрды. Соған қарамастан, концерт билеттері бірден сатылып кеткен. Айта кетейік, пандемия кезеңінде әртістер дайындықтарын үзбеген. Алдағы уақытта шығармашылық ұжым облыстық филармониясының 75 жылдығы мен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай концерттер легін ұйымдастырады.

Талғат Кәрімов, Р.Омаров атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің дирижері, қр мәдениет қайраткері:

- Бұл ерекше концерт, себебі, бір жылдан аса пандемияға байланысты, індетке байланысты отырып қалды. Соған қарамастан, концертіміз ерекше. Орындалатын шығармаларымыз – жаңа туындылар. Айта кетсек, Лев Книппердің «Родиев» деген шығармасын орындаймыз. Ол алғаш рет Қазақстанда ешқайда орындалған жоқ. Сондықтан біздер үшін ол өте қуанышты. Мақтаныш.

Ернар Мынтаев, Ғ.Жұбанова атындағы мемлекеттік ішекті аспаптар квартетінің көркемдік жетекшісі:

- Жергілікті оркестрмен бес жыл бұрын бір сахнада өнер көрсеткен едік. Әртістеріміз өзара тәжірибе алмасты. Бұл көрермендеріміздің де көңілінен шықты. Енді қайта қауыштық. Сондықтан концерт ерекше деммен өтті деуге болады.