Түркістандық шебер тарихи ер-тұрманның 23 түрін жасап шыққан

Түркістан облысының Төле би ауданында қазақ тарихындағы 30-ға жуық ер-тұрманның 23-ін қайта жасап шыққан шебер тұрады. Ерекшелігі сол - он саусағынан өнер тамған ұста ерді бір шоттың көмегімен шабады. Басқа ешбір құрал қолданбайды. Құрманәлі Ағаділов ертоқымның барлығын тарихи деректер мен фото суреттерге, архивтік құжаттарға сүйене отырып жасағанын айтады.

Қазір шебердің шаңырағында 23 ердің 14-ті дайын тұр. Барлығы әу бастағы ұсталардың қолынан шыққандай еш өзгеріссіз жасалған. Құрманәлі Ағаділов ер-тұрманның сәнделуінен бастап, ою-өрнекпен көмкерілуіне дейін баса мән бергенін айтады. Ал қалған 9 ер шабылып қойған. Енді олардың сыртын қайыспен қаптап, тарихи кескін-келбетін сақтай отырып, әшекейлеу жұмыстары қалған. Шебер бір ерді толық бітіру үшін кемінде 5-6 ай уақыт жұмсайтынын айтады. «Себебі тарихи дүниені жасау қашан да жауапкершілікті талап етеді. Әрі бұл біздің бай мәдениетіміздің көрінісі» дейді. 

Құрманәлі Ағаділов, шебер:

- Ұлттық музейді, Түркістандағы, Алматыдағы музейлерде ердің 5-6 түрі ғана бар. «Ұлы даланың жеті қыры» дегенде бірінші атқа міну мәдениетінен басталды. Қаншама жазушы жазып жатыр, ердің 20-дан астам түрі бар деп. Енді біреу сұрауы мүмкін 20 түрлі ер бар деп жаздыңдар, қане көрсетші дегенде, солар ұялып қалмасын деп жасап жатырмын. Әлемде қазақ сияқты 30 түрлі ер жасаған ел жоқ. Дамыған елдерде 4-5 түрі бар шығар, бізде ғана осынша ер дамыған.

Шебердің ендігі арманы бабадан қалған асыл өнерді жастарға үйретіп, ұлттық қолөнердің дамуына үлес қосу. «Ол үшін балаларды ұлттық қолөнерге баулып, оның ішінде ер шабуды үйрететін арнайы құрылғылармен қамтылған заманауи оқу орны ашылса» дейді. Сол арқылы ұлттық туризмді де дамытуға болатынын айтады.

Құрманәлі Ағаділов, шебер:

- Төле бидің өзінде туристік жерлер көп. Ат туризмін дамытсақ, 23 түрлі ерді салып. Бұл бір шетінен бізге, елге табыс әкеледі. Туристер ер-тұрманға да қызығады. Мынандай ер бар екен деп. Ол үшін не керек? Колледж ашу керек. Мен осының бәрін бір шотпен жасап жатырмын. Басқа бір құралым жоқ. Қазір жастарды қанша шақырамын келмейді. Шыдамайды, бұл оңай жұмыс емес. Кешке дейін шұқшиып отыра беру. Ал оқу орын ашып, станоктармен істесе, бір-бірімен қызығып істесе, өссе, туризм дамыса, өнерімізді ел көрсе, біздің мақсат осы.

Жалпы Құрманәлі Ағаділов ер-тұрман жасаумен 30 жылдан бері айналысады. Ұлттық өнерді ұлықтап жүрген шебер осы уақыт аралығында көкпаршыларға арнап, 2500 ер шапқан.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы