Павлодарда көнеден қалған тоқыма өнері қайта жанданды

Жергілікті шеберлер киіз басып, сырмақ сырады.

Ою-өрнекпен көмкерілген ұлттық бұйымдар, жүннен тоқылған ойыншықтар мен картиналар көздің жауын алады. Бірін-бірі қайталамайтын туындылар жаңа технологиялармен емес, ерте заманнан келе жатқан көне әдіс-тәсілдермен жасалған.

Дәуірбек Жақсылыққызы қыз балаларға алаша тоқудың қыр-сырын үйретеді. Қолөнер шеберінің тоқыма студиясын ашқанына 15 жылдың жүзі болған. Мектеп оқушылары арасында көнеден жеткен төл өнерге зор қызығушылық бар.

Дәуірбек Жақсылыққызы, «Сырмақ» қолданбалы өнер студиясының жетекшісі:

– Алаша тоқу басқа қолөнер түрлерінен қарағанда кішкене қиындау. Ол жұмысты мен бірінші емес, екінші, үшінші оқу жылының балалары тоқиды. Тоқып болғаннан кейін одан біз телефонның тысын, қол сөмке сынды кішігірім заттар жасаймыз.

Алашадан бөлек, балалар кілем тоқып, киіз басады. Өз қолдарымен жасаған кәдесыйлармен ата-аналарын қуантады. Шағын студияның қабырғасына оқушылардың қолынан шыққан түскілемдердің түр-түрі ілінген.

Дильназ Ертасова, «Сырмақ» үйірмесіне қатысушы:

– Маған ұнайды. Мен қыздарды осы сырмақ үйірмесіне шақырамын. Ол өте жақсы үйірме. Керемет.

Сырмақ пен алаша тоқуға шыдамдылық керек. Үйірмеге қатысушылар түс киізді бір айда жасап бітіреді. Ұлттық өнерді кеңінен насихаттап, оны жасөспірімдердің бойына дарытып жүрген Дәуірбек Жақсылыққызы төл өнеріміздің ұмыт қалмайтынына сенімді. Шәкірттерінің қолынан шыққан талай жұмыстар облыстық және республикалық байқауларда жүлделі орындарға ие болған.

Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков