429,33 519.25 5.73
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Хабар 24» арнасы YouTube хостингінде «алтын батырмаға» ие болды

  • 118
  • UPD: 22:06, 02.05.2021

Балығы тайдай тулаған қай өңір? Головкин неден мүлт кетті? Арыстағы жарылыс, Түркістандағы атыс. Осы бір жаңалықтардың қай-қайсы да YouTube желісінде ең көп қаралым жинаған ақпарат легі. Қазір жедел ақпарат тарататын «Хабар 24» арнасының әлеуметтік желілерінде де қазақ тілді аудитория қалыптасып келеді. Ал «Хабар 24» арнасының YouTube каналына жазылғандар саны 1 млн асты. Бұл хостингтің «Алтын батырмасын» иеленуге мүмкіндік береді.

Қазақтың аруағы асып, шартарапты таң-тамаша етіп жатса рухыңның көтерілгені. Сары бала Геннадий Головкиннің жекпе-жегі десе қазақстандықтар ұйқыдан қалады. Шаршы алаңдағы әрбір сайысын қалт жібермеуге тырысады. Жеңсе шаттанып, тең түссе мұңаяды. Сол шахтер баласының бір ғана жекпе-жегі «Хабар 24» арнасының  YouTube желісінде 798 мыңнан астам рет қаралған.

«Хабар 24» арнасының YouTube желісінде көрермендер құс, жан-жануарлар жайында көп қарайды екен. Киік, елік және құс атаулы материалдарға көрермендердің көңіл-қошы ерекше. Судағы балық жайында қанша сюжет дайындалса оның қай-қайсының қаралымы аз емес. Оңтүстік Қазақстанда, одан Атырау өңірінде балықшылардың 3 метрлік балық аулағаны көпшіліктің қызығушылығын тудырған.

Мына бейнекадрлар Арыс оқиғасын еске түсіреді. Ондағы жарылыс кезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықпен бірге болып, жұбату айтқан сәті 500 мыңнан астам рет қаралған.

Кейінгі бірер аптада «Хабар 24»-тің Ютьюб желісіндегі қаралымы тіптен арта түсті. Сөйтіп, каналға жазылушылар саны миллионға жетті. Мұның бір себебі редакцияның қазіргідей бәсекелестік заманда жылдам жылдам хабар тарата алатыны. Таяуда Түркістан қаласында тапа-тал түсте қару асынып бір-бірін қуып жүргендердің бейнесі әлеуметтік желіні дүр сілкіндірген болатын. Осы бір жаңалық біздің арнамызда да айтылып, бір апта ішінде YouTube парақшамызда 460 мыңнан астам рет қаралды. «Хабар 24» тілшілері тәулік бойы жұмыс істеп, қырағылық көрсетіп келеді. Мысалы, Қордайдағы қайғылы жағдайлар, Алматы, Қарағанды маңындағы ұшақ апаттары, Арыстағы оқдәрі қоймасының жарылысы. Осындай қауіпті аймақтардан тілішілер тікелей ақпарат тарата алды.

Көк жәшікке үңілген көрерменнің де талғамы да әрқилы. Эфирде қайғы да, қуаныш та қатар жүреді. Бірер күн бұрын елордада жігітінің тракторын ұрлап мініп кеткен бойжеткеннің ісін қызық көріп, кешіріммен қарағандар көп болғанымен кереғар пікір жазушылар да бар.

«Хабар 24» YouTube арнасы 2012 жылы құрылды. Осы уақыт ішінде 300 мыңнан астам видео жүктелді. Мұның ішінде елдегі және әлемнің түкпір-түкпірінен тікелей эфирлер, саясат, экономика, мәдениет және қоғам жаңалықтары үзідксіз көрсетілді. Ай сайын арнамыздың видеохостингіне 30 мыңға жуық адам жазылады. Енді миллионға жетіп отырмыз. 

«Хабар 24» ұжымы барлық маңызды оқиғаларды тек теледидардан ғана емес, ғаламтордан да жедел хабарлауды жалғастырады. Сондықтан ең жедел және сенімді мазмұнды ақпаратты уақытында алу үшін біздің арнаға жазылуды ұмытпаңыз. 

Автор: Нұрбек Байбосын

Хабар 24 телеарнасы