Самарқанды көркейткен Жалаңтөс батыр туралы не білеміз?

Әйгілі Жалаңтөс батырдың Орбұлақ шайқасындағы ерлігін кеңінен естігенбіз.

Жоңғарларға қарсы шайқаста салқам Жәңгірге көмекке келіп, жауды жермен жексен еткен тарихи тұлға. Атақты батыр 44 жыл бойы Самарқанты да билеген. Әмірлік еткен тұсында шаһардың гүлденуіне зор үлесін қосып, Әмір Темірден кейін көздің жауын алатын алып ғимараттарды тұрғызған.

Азияның ақырғы жолбарысы – Жалаңтөс батыр Сырдарияның саға жағалауында туған. Ол Самарқан қаласының әмірі атанып, шаһарды өмірінің соңына дейін басқарған екен. 44 жыл ішінде баһадүр Самарқанның дамуына өлшеусіз үлес қосты. Дала сәулетшісі атанған Әмір Темірден кейін шаһарды гүлдендірген дара тұлға.

Риат Шони, тілші:

– Самарқанның жауһарына айналған Регистан алаңы. Мұндағы үш медресенің екеуін Жалаңтөс баһадүр тұрғызғанын біреу білсе, біреу біле бермейді. Менің оң жағымдағы ғимарат ұлы Әмір Темірдің немересі Ұлықбек салдырған медресе. Оған қарсы беттегі нысан Шердор деп аталады. «Шер» – арыстан, дор жоғары оқу орны дегенді білдіреді. Яғни арыстан салдырған оқу ордасы деген мағына береді. Ал Регистан ансамблінің үшінші бөлігі – Тіллә Қари медресесі. Бірақ құрылыстың аяқталауына 4 жыл қалғанда Жалаңтөс баһадүр қайтыс болды деседі. Дегенмен батыр бастаған іс аяқсыз қалмады. Бүгінде Регистан ансамблі Самарқанға келетін туристердің сүйікті орнына айналған.

Жылына бұл алаңға 5 млн-нан астам шетелдік турист келетін. Қазір пандемия салдарынан олардың саны 1 млн-ға дейін қысқарды дейді жергілікті жұртшылық.

Шероз Бакиев, гид:

– Регистан – Өзбекстанның басты нышаны. Бұл алаңның тарихы да бай. Туристер де көп келетін. Қазақ бауырларымыз да мұнда жиі келеді. Әсіресе, Наурыз мейрамы кезінде. Тарихымыз ортақ болғаннан кейін, барлығын сұрап біліп жатады.

Тарихы тереңде жатқан киелі ғимараттарды өзбектер жылда қалпына келтіріп отырады. Өңі кеткен тастарын қолдан жасап, кескіндеп, бояйды екен. Ислам дінін жақсы танып, құрметтеген Жалаңтөс батыр қалдырған мұра бүгінде Самарқанда киелі орын саналады.

Шероз Бакиев, гид:

– Мен Жалаңтөс батыр ислам дінін жақсы білді деп ойлаймын. Сондықтан ол Алланың ақ жолында Шердор мен Тіллә Қари медреселерін салдырды. Өзінен кейін осындай рухани азық алатын орындар қалдырған тұлғаның есімі ешқашан өшпейді. Тіпті міне, біз 4 ғасыр өткеннен кейін де Жалаңтөс батыр жайлы айтып отырмыз. Баһадүр 17 жыл бойы Шердор медресесін салдырды, сосын өмірінің 14 жылын Тіллә Қари ғимаратын тұрғызуға жұмсайды. Бұл тарих пен шаһардың гүлденуіне қосқан өлшеусіз үлес.

Риат Шони, тілші:

– Тағы бір қызықты тарихи дерек. Шердор медресесінің құрылысына жергілікті жұртшылықтың барлығы қатысқан деседі. Бірі құрылыс материалдарымен қамтамасыз етсе, енді бірі құрылысшыларға ас беріп көмектескен екен. Солардың бірі – Қожа Мұхамед Қатонғу. 17 жыл құрылысшыларға ет асып беріп отырған екен. Ерен еңбегін елеген Жалаңтөс баһадүр Қожа Мұхамед қайтыс болғаннан кейін оны Шердор медресесінің алаңына жерлеуді бұйырған екен.

Ал Жалаңтөс батырдың өзі Дағбетте орналасқан Ағзам Махдуми бейітінің жанында жерленген. Жауға қарсы жалаңаш кеудемен шапқандықтан ұлы қолбасшыны – Жалаңтөс деп атаған екен.

Бақтияр Абылаев, Ағзам Махдуми мешітінің қызметкері:

–1618 жылы Жалаңтөс батыр Самарқан әмірі болып тағайындалғаннан кейін, бірінші кезекте осы зиратты қалпына келтірді. Өзі пір тұтқан Ағзам Махдумидің бейітін өзгелерінен биігірек етіп көтертті. Тағы кіші мешіттің қасына үлкенін салдырды. Қазір бұл мешітті әлі күнге дейін пайдаланып жүрміз. Бұл зиратта Жалаңтөс батыр, оның ұлы Сұлтанбек пен екі қызы жерленген.

Негізі Жалаңтөс батыр кіші жүздің биі Әйтеке бидің атасы болған деседі. Сондықтан да болар батыр баба жерленген зиратқа келетін қазақстандықтар көп. Қандастарымыз ұлы даланың ұлы қолбасшысының рухына құран бағыштап, зиярат етеді екен.

Риат Шони, Санжар Шатуляганов