«Тұмар-2021»: «Хабар 24» арнасы арнайы жүлде алды

Биыл «Хабар» агенттігінің жобалары 7 аталым бойынша ұсынылды.

Арнайы жүлдеге біздің арна да ие болды. Телевизия саласындағы басты бәйгеде тағы кімдер жеңіске жетті?

«Тұмар» ұлттық сыйлығы биыл бесінші рет өткізілді. Марапат отандық телевизия саласында едәуір жетістікке жетіп, оның дамуына зор үлес қосқан азаматтарға беріледі. Биыл Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі 10 аталым тағайындап, комиссия мүшелері үздіктерді анықтады. «Хабар 24» арнасының ұжымы бәйгенің арнайы жүлдесін алып, таңдаулылар қатарынан көрінді. 

Алёна Горбачёва, «Хабар 24» телеарнасының директоры:

– «Хабар 24» телеарнасының соңғы бір жылдағы атқарған еңбегі еленіп жатыр. Арнамыздың «Тұмар» бәйгесінің арнайы жүлдесін алуы жоғары марапат деп есептеймін. Себебі біздің ұжым карантин кезінде көптеген тікелей эфир ұйымдастырып, жұмыс сағаты да едәуір артты. Мұны әріптестеріміз де мойындап, барлық маңызды ақпаратты «Хабар 24» арнасынан біліп отырғанын жеткізді.

«Хабар» телеотбасының тағы бір бірегей жобасы «Абай жолы» сериалы да жүзден жүйрік атанды. Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай түсірілген туынды ұлы ақынның ұлт руханиятындағы орнын айшықтады. Телехикаяда Абайдың тартысқа толы өмірі қатар көрсетілді. Ақын өмірінің 3 кезеңін суреттеген сериал көрерменнің көкейінен шыққаны сөзсіз.

Ринат Кертаев, «Хабар» агенттігі» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары:

– «Хабар» агенттігі соңғы 8 жылда қазақтың тау тұлғасына арнап 7 сериал түсіріп еді. Соның ішіндегі соңғысы – «Абай жолы» сериалы. Ол тек Абай атамызға ғана емес, М.Әуезов, Қ.Мұхамедхановтың өмірі мен өнеріне арналған. «Абай жолы» туындысы қандай қиындықпен жазылғаны туралы үлкен кинополотно деп айтсам болады.

Мұрат Есжан, «Абай жолы» сериалының қоюшы режиссері:

– Пандемиямен сәйкес келді. Көп жерлер жабық болды. Жоба келесі жылға қалатын болып, кішкене уақыты шегеріліп, желтоқсан айына үлгеріп, тіпті жарнамасын да жасап шамамыз келмей, монтажды аяқтап, экранға шықты. Көрерменнің көңілінен шыққан сияқты.

Сондай-ақ бүгінгі бәйгеде үздік тележурналист, тележүргізуші, режиссерлік жұмыс, әлеуметтік жоба, ток-шоу, деректі фильм, ойын-сауық бағдарламасы, ақпараттық бағдарлама және үздік аймақтық телеарна аталымдарында көш бастаған мамандар да марапатталды. Сайысқа 200-ден аса өтініш түскен. Ал жеңімпаздарға отандық телевизияның дамуына қосқан үлесі үшін 1 миллион теңге көлемінде сыйақы табысталды.

Дариға Ташенова, Диас Қобыланбаев