Кино тарланы Нұржұман Ықтымбаев 80 жасқа толды

Қазақстанның халық артисі Нұржұман Ықтымбаев 80-ге толды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кино өнерінде сұранысқа ие актер бүгінге дейін 200-ге тарта фильмьде түрлі кейіпкерлерді сомдады. Оның арасында шетелдік туындылар да бар. Жақында Нұржұман ағамыз Голливудтің шақыруымен «Комбат» фильміне түсіп қайтты. Қазақ кино тарихында өзіндік қолтаңбасы бар актерді әріптестері мен дос-жарандары мерейтойымен құттықтап, құрмет көрсетті.

Бұл Нұржұман Ықтымбаевтың ең алғашқы рөлі. Фильм «Қилы кезең» деп аталады. Кинокартинаның режиссері Абдолла Қарсақбаев ауылда мұғалім болып жүрген жас жігіттің өнеріне тәнті болып, рөл ұсынған.

Содан бері актер жүздеген киноға түсті.

Нұрмұхан Жантөрин мен Шәкен Аймановты ұстаздарына балайды. Ал актерлікті халық мектебінен үйрендім дейді. Расында талантты актер қазақ жерінде ғана емес, шетелде де сұранысқа ие.   

Нұржұман Ықтымбаев, ҚР халық артисі:

– 70-ке толған кезде санадық. Одан бері 10 жыл өтіп кетті. Одан бері талай киноға түстім. 200-ге жетіп қалды аспаса кем емес. Қырғыздарда көп түстім. Ресейде түстім. Шевченко туралы. Украинада түстім. Арменияда түстім. Тапсырыс көп. Мен қанша фильмге түссем де, соның бәрі қымбат. Мен барымды беріп ойнаймын. Бар болмысыммен ойнаймын. Сондықтан режиссерлер ғашық болып шақырып жүргені.

Ол түскен «Мәншүк жайлы ән», «Жетінші аспан», «Тұз көліндегі үй», «Барлау», «Адамдар арасындағы бөлтірік» фильмдері де киноқорда сақтаулы. Ал 1979 жылы «Нан дәмі» 4 сериялы көркем фильмі жарыққа шыққан соң қазақ киноактерлерінің арасында алғаш болып КСРО Мемлекеттік сыйлығын иеленді. Француз актері Жерар Депардьемен бірге түскен «Кешіккен махаббат» фильмі де халықтың ықыласына бөленді. «Дневной дозор», «Ночной дозор» фильмдері оның мінезін тіптен ерекшелендіре түсті.

Досхан Жолжақсынов, кино және театр актері:

– Нұржұман ағаның ғажап бір қасиеті – бұл кісі рөл таңдамайды. Станисловскийдің айтқаны бар ғой. Кішкентай кейіпкер болғанымен кішкентай рөл болмайды. Сондықтан ол әрқайсысының қадір қасиетін біледі.

Қазір кинодағылардың көбі театр актерлері. Ал, Нұржұман Ықтымбаев – таза  киноактері. «Ол бетіне грим салып, түсірілімге шыққаннан кейін  күні бойы нәр татпай жұмыс істейді. Оған арнап, арнайы сценарий де жазылды. «Сталинге хат» фильмі  соның дәлелі», дейді режиссер Рүстем Әбдірашев.  

Рүстем Әбдірашев, режиссер:

– Сценарий жазылған кезде Нұржұман аға қасымыда көп болды. Павел Финн бар. Давид Маркеш бар. Нұржұман ағаны өз көзімен көріп, мен бірден айттым, осы кісінің келбеті бас кейіпкерге келіп тұр. Осы Нұржұман ағамызға арнап жазсақ қайтеді деген ой болды. Сол ойды іске асырдық.

Нұржұман Ықтымбаевтың алға қойып отырған жоспары көп. 80-ге келсем де домбыраны, киноны тастамаймын дейді. Жақында ғана ол голливудтық «Комбат» фильмінің түсіріліміне қатысып қайтты.

Қарлығаш Қайыпбекова, Кенже Амраев