Әдебиет пен ғылымды ұштастырған ақынның ұлтқа берері әлі көп

Белгілі ақын, Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері, халықаралық «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының жетекшісі Олжас Сүлейменов 85 жасқа толды. Әдебиет пен ғылымды ұштастырып, рухты шығармаларымен бүтін бір ұрпақты тәрбиелеген қаламгердің әлі де ұлтқа берері көп.

Өткен ғасырда әдебиетке құбылыс болып келген өршіл ақын Олжас Сүлейменовты әлем «Адамға табын, жер енді» дастаны арқылы таныды. 1961 жылы жердің тартылыс күшін еңсеріп, адамзаттың ғарышты игеруін жырға қосқан ақын уақыт өте келе тарихи зерттеулерге қалам тартты. 1975 жылы жарыққа шыққан «АЗиЯ» атты еңбегінде Олжас Сүлейменов түркі және славян мәдениеттерінің өзара ықпалы туралы ғылыми тұжырым жасайды. Бірақ бұл еңбегі мәскеулік цензураның сынына ұшырайды. Дегенмен, уақыттың сынынан өткен бұл шығарма санада сілкініс тудырғаны анық. 

Мұрат Әуезов, мәдениеттанушы ғалым, қоғам қайраткері:

- Ешқандай асырып айтқан жоқпын, данышпанымыз, кемеңгеріміз Олжекең 85-ке келеді. Олжекеңнің ғажап шығармасы біздің санамызда үлкен өзгерістер келтірген кітап, АЗиЯ. 

Олжас Сүлейменовтің қайраткерлігі өз алдына бір төбе. Оның 1989 жылы «Невада-Семей» антиядролық қозғалысын құрып, Семей жерінде ядролық сынақтарды тоқтату туралы бастама көтеруі халық тарапынан үлкен қолдау тапты. Талай тағдырды жалмап, ұрпақты сал еткен ауыр сынақ туралы жазылған «Заман-ай» әні сол кездің ұранына айналған еді, - деп еске алады қазір қаламгер. 

Жоғарғы Кеңес депутаты, Қазақстанның бірнеше елдегі Төтенше және өкілетті елшісі бола жүріп шығармашылықтан қол үзбеген қаламгердің бірнеше сүбелі еңбектері жарық көрді. Олардың көпшілігін Әбіш Кекілбаев, Қадыр Мырза Әлі, Ұлықбек Есдәулет сынды ақын-жашылар қазақ тіліне аударды. Танымдық ой мен терең мазмұнды тіркестерге бай шығармаларын кейінгі буын да тәржімалап келеді.

Ұлықбек Есдәулетов, ҚР Жазушылар одағының төрағасы:

- Олжекеңнің өлеңінің бір қарағанда қарапайым сияқты болғанымен аударуға өте күрделі өйткені әр сөзінің астында астарында үлкен ойлар жатады. Жаңа толқын, жас толқын жаңа тыныспен аударғаны Олжекеңе ұнады. Тыңдап өзі рахаттанып, жастардың аударғанына жаны сүйсінді. Бір заманда жазылған өлеңдер міне әлі күнге дейін қызығушылық туғызып, әлі күнге дейін аударылып жүрсе оның өлеңдерінің өміршеңдігін білдіреді деп айтар едім.

Уақыт өтсе де жеке құндылықтар өзгермейді, - дейді кемел жасқа келген қаламгер. Ол адамның берік ұстанымына, табар қазығына айналады.

Олжас Сүлейменов, Қазақстанның Еңбек Ері, қоғам қайраткері:

- Менің анам Фатима Насыржанқызының 40 жасқа келгенімде айтқаны бар, «Олжас,осы жасыңа дейін біреуге қиянат жасаған кезің болды ма? Соларды айтпай, дастарханға отырмаймыз» дегені бар. Мен анама, ешкімді сатпағанымды, адалдығымды айттым. Енді міне қанша жылдар өтсе де әр жасқа толған сайын өзіме есеп беремін. Анама берген сол уәдеге, сол аманатқа адалмын ба? Сенімін ақтай алдым ба өзіме сұрақ қоямын. Бірақ құдайға шүкір, мен ол ұстанымнан айныған жоқпын.

Соңғы жылдары Олжас Сүлейменов «Мың бір сөз» этимологиялық сөздігін жасаумен айналысуда. Сөздердің пайда болуы жан-жақты зерттелген іргелі еңбектің оқырманмен қауышар сәті алыс емес. Сондай-ақ бүгін кешкі тоғыз жарымда Хабар арнасында ақынның өмір жолы туралы «От всего сердца» бағдарламасы көрсетіледі. 

Авторлар: Гүлжан Көленқызы, Мұхит Құдықбаев

Сондай-ақ...