Жолбарыс бидің туғанына 350 жыл толды

Осыған орай Алматыда «Жолбарыс би және оның дәуірі» деген тақырыпта халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шара «Рухани жаңғыру» бағларламасы аясында ұйымдастырылды. Онлайн конференцияға Қытайдан, Түркия мен Өзбекстаннан да тарихшы ғалымдар қатысып деректерімен бөлісті. Жолбарыс Жылқайдарұлы ел аузындағы аңыздарда, денесіне жау қаруын дарытпаған батыр, әрі қара қылды қақ жарған би ретінде сипатталады. Ол «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» жылдары Іле мен Қаратал өзенінің аралығында жоңғарларға қарсы шайқастарға қатысқан.

Кейін босқан елді Жетісу жеріне қайтаруға үлес қосқан. Жолбарыс би қазіргі Алматы облысына қарасты Қалпе ауылының жанындағы қорымға жерленген. 1996 жылы ұрпақтары басына кесене тұрғызып, құлпытас орнатты. Бүгінгі таңда Жолбарыс Жылқайдарұлының атында қор бар. Ал күзге қарай Талдықорғанда әулие бабаның атына көше беріліп, ескерткіш орнатылмақ. 

Мәмбет Қойгелдиев, тарихшы, ҚР ҰҒА академигі:

– 18-ғасырдағы Жолбарыс би сияқты тұлғаларымыз біздің халықтың жадында сақталған. Архив құжаттарында емес, олардың қызметі, олардың қызметі халықтың жадында сақталған. Ал халықтың жады ғажап құбылыс. Одан електен, екшеуден өткен тұлғалар, оқиғалар, процестер ғана сақталады. Жолбарыс бидің тұлғасы елеуден өткен.

Омархан Өксікбаев, Жолбарыс Жылқайдарұлы атындағы қоғамдық қордың төрағасы:

– Әсіресе, Жетісу өңірінде сонау Тәуке ханнан бастап, Абылайханның тұстарында жоңғар басқыншыларына төтеп берген, қолбасшы батыр ретінде танылған. Ол атамыздың еңбегі сол кезде қазақ халқының ауызбірлігін, ынтымағын жаратып, сол мемелекет болуға талпыныстарын суреттеп, сол кездегі жерімізді мүмкіндігініше молынан сақтап қалуға қосқан үлесі орасан зор. Біз соны жастарымызға жеткізсек, біздің тарихымызда ақтаңдақтардың біраз беттері толған болар еді деген пікірдемін.