Фархаттың бейнесі көрерменнің жадында мәңгілік сақталады

Белгілі киноактер Фархат Әбдірайымов дүние салды. 55 жасында өмірден озған ашық, жарқын азаматтың бейнесі халқының жадында сақталары сөзсіз. Өйткені көптеген рольде ойнаған актер кино өнерінде өзіндік із қалдырып үлгірді.

Күні кеше ғана Тбилисиде грузиндердің белгілі актері Вахтанг Кикабидземен бірге кино түсірілімінде жүрген Фархаттың кенеттен болған қазасына көпшілік әлі сене алар емес. Фархат Әбдірайымов тек Қазақстанға ғана емес, жалпы ТМД елдеріне танымал актер.

«Кино саласының маманы болмаса да өзі ойнаған кез келген кейіпкердің образын аша білетін, табиғат берген таланты бар еді» дейді Фархаттың өнердегі достары.

Бақтияр Қожа, актер:

-  Фархат өнерге келген самородок. Біз қиналып 4-5 жыл оқимыз. Сосын қиналып театрда киноға келгенде де қалай, не істеймін дейміз. Ол келеді де сөзі дайын, бәрі дайын. Күлкісі де, ренжігені де өзіне бәрі жарасатын. Өнерге Құдай берген бір туынды.  

1994 жылдан бері «Шанхай», «Любовь под прикрытием», «Застава», «Фара», «Анажан», «Статья на двоих» секілді көптеген фильмдерге түскен Фархат Нұрсұлтанұлы кино саласының қыр-сырын әбден меңгеріп алған соң өзі де кино түсіруді қолға алған болатын. Өзі қандай денелі болса жүрегі де сондай кең болатын.

«Қарапайымдылығы соншалық кез келген адаммен әзіл-қалжыңы жараса кететін еді» дейді кино саласының мамандары. 

Әбдірашит Рахметов, кинотеатрлар желісінің директоры:

- Әрқашан солай көңілді жүріп, одан кейін де стол басында көңілді болатын. Ал киноларда рольдерді сомдағанда ол, «Рэкетирға» түсті, тағы да басқа фильмдерде, ол көбінесе жаман кейіпкерлерді ойнайтын. Бірақ өзі өмірде өте жаңағыдай кішіпейіл, мейірімді кісі болатын. Әрине орыны толмас қайғы. Біздің елге, біздің кинобизнеске де. 

Талантты актер тынымсыз еңбегінің арқасында талай биікті бағындырды. Фархат Әбдірайымов Құрмет орденінің иегері. 2000 жылы «Алтын адам» жүлдесін жеңіп алған. 1996 жылы  Ресейде кіші Сергей Бодров екеуі жылдың үздік актері атанған болатын. Марқұмның артында жары мен екі ұлы қалды. Фархат Нұрсұлтанұлының туыстарына көңіл айтып, иманы жолдас болсын дейміз.

Авторлар: Жандос Айтбайұлы, Эдуард Кон