Көкшетауда «Рухани қазына» фестивалі аяқталды

Көкшетау – еліміздің мәдени астанасы. Биыл «Рухани қазына» фестивалі аясында өңірге осындай мәртебе берілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәдениет және спорт министрлігі бастаманы игі дәстүрге айналдырып, жыл сайын облыстардың мерейін асқақтатуды көздеп отыр. Ал фестивалдің өзі төртінші рет өтті. «Рухани қазына» онлайн байқауында үздік деп танылған 52 жеңімпазға 30 млн теңге көлемінде сыйақы берілді. Биыл мұнда 300-ден аса өтінім кеп түскен. Осылайша еліміздің әр түкпірінен жиналған кітапхана, музей, мәдениет үйлерінің қызметкерлері Бурабайдың саф ауасын жұтып, тұмса табиғатына тамсануға мүмкіндік алды. Сонымен қатар жинаған тәжірибелерімен бөлісіп, білімдерін толықтырды. Мәдениетін сыйлайтын ұлттың болашағы зор. Мұны жақсы түсінетін өнер майталмандары құндылықтарды дәріптеп жүрген жандар, қолдаудан кенде болмауы керек дейді.

Нұрғиса Дәуешов, ҚР мәдениет және спорт вице-министрі:

–Биыл Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан еліміздің мәдени астанасы тұңғыш рет жарияланып жатыр. Ол әрине Көкшетау қаласы, Ақмола облысы болып таңдалды. Мұндағы мақсат өңірлермен бірге Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан жұмыстарды өнердің, мәдениеттің өсуіне ықпал ету. Биылғы сал-серілердің мекені мәдени астана болуға лайықты екені сөзсіз

Жеңіс Сейдоллаұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

– От боп жанып, күл боп жанып жататын мәдениет майданындағы майталмандар. Шаршамай таңертеңнен кешке дейін үйдің жұмысын ысырып сап, мәдениетіміз жанданса екен деп жұмыс істеп жүрген адамдар көп. Сондай кісілерге көп рақмет айтқым келеді.

Карантин кезінде мәдениетті насихаттағандар да марапаттан шет қалмады. Мысалы, Гүлжайнар Нәренқызы қазақ жазушыларының шығармаларын өзінше насихаттады. Ауыл-аймақтағы мәдени ошақтар үлесі де орасан. Қазылар алқасы фестиваль-байқауға кеп түскен жұмыстың кез келгені құрметке лайық екенін атап өтті.

Гүлжайнар Нәренқызы, С.Жиенбаев атындағы Ақтөбе облыстық жасөспірімдер кітапханасының директоры:

– Даналық дефилесінің ерекшелігі кітап оқушыларының қатарын арттырдық. Көркемдік кеңес құрып, бес бағыттағы кітаптарды ұсындым. Бесіншісі ертегілер.