Түркістанда жаңа кинотеатр ашылды

Түркістан қаласындағы «Khanshayim Plaza» сауда орталығында Kinopark компаниясының заманауи кинотеатры ашылды. Бұл Қазақстандағы жиырма үшінші және облыс орталығындағы алғашқы кинотеатр. Мұнда заманауи жабдықтар орнатылып, көрерменге қолайлы жағдай жасалған. 

«Turkistan Kinopark 4» – бұл 446 көрерменді бір уақытта қабылдай алатын облыс аумағындағы бірегей орын. Заманауи жабдықтар, жаңа мүмкіндіктер қала халқын қуанышқа бөледі.

Лашын Жүнісова, қала тұрғыны: 

- Қалада бұрын-соңды мұндай кинотеатр болмаған. Қазір ашылды. Біз өте қуаныштымыз. 

Жаңа кинотеатрда 4 жайлы зал бар. Олар бейнелеу мен дыбыс саласындағы ең озық технологиялармен жабдықталған. Ерекшелігі мұндағы барлық орындық, тіпті кілемдер де қазақтың ою-өрнектерімен безендіріліп, ұлттық нақышта әспеттелген.

Әбдірашид Рахметов, KINOPARK-KINOPLEXX театрларының басқарушы директоры: 

- Бұл кинотеатр барлық соңғы әлемдік стандарттарға сай салынған. Біздің акциялармен келсеңіз мың теңгеден де билеттер бар. Бізде барлық адамға қолайлы бағамен киноға келуге болады.

Мерекелік бағдарламаға негізделген ашылу салтанаты «Где мое кольцо?» фильмінің тұсаукесерімен жалғасты.

Айқын Төлепберген, әнші: 

- 1 жыл Түркістанда болмағанның өзінде қандай өзгеріске ұшырағаны қуантады. Керуен сарайы ашылды. Қожа Ахмет Яссауи мавзолейінің қасындағы неше түрлі зәулім сарайлар, салынып жатқан үйлер жалпы осындай керемет қаламыздың көркеюіне үлес қосты. 

Сондай-ақ жаңа кинопарк кешенінің ашылу салтанатына Түркістан қаласының әкімі мен отандық киноиндустрия жұлдыздары қатысты.

Авторлар: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Ерболат Әбішов