426,73 523.00 5.95
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстандық суретші Анейля Ибраимова атақты Louis Vuitton сән үйіне шақырту алды

  • 152
  • UPD: 09:59, 25.05.2021

Жерлесіміз мұндай құрметке ие болған әлемдегі 17 дизайнердің бірі атанды.

Қазір Анейля Ұлыбритания, Ирландия және Оңтүстік Африка республикасының нарығына арналған қол сандықтарына сурет салумен айналысады.

Анейля – он саусағынан өнер тамған қылқалам шебері. Ол қол сандықтарына сурет салумен айналысады. Қазақтың қарапайым қызының қолынан шыққан дүниелерді танымал тұлғалар мен өнерге құштар жандар қымбат бағаға сатып алады. Louis Vuitton-ның Лондондағы сән үйіне бірден жұмысқа орналасу Анейля үшін оңай соқпады. Ол британиялық жоғары оқу орнын және магистратурасын бітіріп, сосын әйгілі брендтің дүкеніне қатардағы сатушы болып қабылданады. Кейін әлем бойынша жарияланған іріктеу конкурсында үздіктер қатарынан табылып, суретші-дизайнер қызметіне кірісті.

Анейля Ибраимова, Louis Vuitton сән үйінің суретші-дизайнері:

– Түрлі идеялар ойлап табамыз. Клиенттердің назарын аудару үшін және Louis Vuitton саудасын жүргізу үшін креативті ұсыныстар дайындаймыз.

Анейляның анасы Зәуре Мұхамадиева Лондонда консалтинг саласында еңбек етеді. Алғашында ол қызын қаржыгер мамандығы бойынша оқытқысы келген екен. Бірақ ақылға салып, Анейляның жүрегі қалаған мамандыққа береді.

Зәуре Мұхамадиева, жеке кәсіпкер:

– Қызымның осындай дәрежеге жеткеніне разымын. Бұл оның жеке жетістігі. Ол өте еңбекқор. Әрдайым мақсатына жетуді көздейді және жетеді. Өмірде бастысы ерінбеу керек. Биік мақсаттар қойып, соған ұмтылған жөн.

Анейля Ибраимова, Louis Vuitton сән үйінің суретші-дизайнері:

– Мен әрдайым Қазақстанмен байланыста болғым келеді. Өйткені отанға деген сүйіспеншілігім арқылы жұмысыма шабыт аламын. Кеудемді мақтаныш кернейді. Болашақта Қазақстанда жеке көрмемді ашуды көздеймін. 

Анейля жеке шығармашылығын да дамытып жүр. Күзде Лондонда өз көрмесін ашып, портрет жанрында, оның ішінде фотореализм стилінде салған суреттерін көрермен назарына ұсынғысы келеді.

Қазақстандық суретші жеке туындыларын қайырымдылық аукционына шығарып, одан түскен қаражатты жергілікті ғибадатхананы жөндеу жұмыстарына жұмсамақ.

Ғалымжан Қараманұлы

Хабар 24 телеарнасы