А.Райымқұлова Дүйсенбек Нақыповтың отбасы мен туған-туыстарына көңіл айтты

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова танымал ақын, жазушы, хореограф Дүйсенбек Нақыповтың қайтыс болуына байланысты марқұмның отбасы мен жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтты.

«Қазақстан Республикасы Мəдениет жəне спорт министрлігінің атынан белгілі ақын, жазушы, драматург, хореограф-либретташы, көптеген әдеби сыйлықтың иегері, Қазақстан хореографтар кеңесінің төрағасы, киносценарист Дүйсенбек Тыныштықпайұлы Нақыповтың қайтыс болуына байланысты отбасы мен жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын.

Жаны жайсаң Дүйсенбек ағамыз саналы ғұмырын бекзат өнерге, халыққа қызмет етуге арнаған ардақты азамат еді. Ұзақ жылдан бері түрлі өнер ошағында жемісті жұмыс істеп, талғампаз көрерменнің жоғары бағасын алған қойылымдардың сахналануына барын салды. Танымал қаламгердің «Вечер века», «Время Ре», «Сирень на закате», өлеңдер жинағы мен «Песни моллюски» және тағы басқа кітаптары патша көңілді оқырманның кітап сөресінен ойып тұрып орын алды.

Болмысы бөлек ортасына сыйлы өнер майталманының асыл бейнесі қалың қазақтың көңіл төрі мен жүрек түкпірінде мəңгі сақталады.

Марқұмның көзі тірісінде жасаған игі-жақсы амалдары алдынан жарылқасын. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын», – деп жазылған министрдің көңіл айту хатында.