«Түркістаным-Тұраным» тақырыбында суретшілер көрмесі өтті

Бүгін Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің саммиті аясында Түркістан облысы әкімінің қолдауымен, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының ұйытқы болуымен ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Түркістаным-Тұраным» атты симпозиумына қатысушы суретшілердің әлемдік деңгейде жазылған шығармаларынан жасақталған көрменің ашылуы өтті.

Басты мақсат – Түркітілдес халықтар арасындағы ынтымақтастық пен достықты, мәдени байланысты нығайту, түркілік мәдениет пен өнерді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу, түркітілдес мемлекеттердің белгілі суретшілерінің туындыларын насихаттау және бір-бірімен іс-тәжірибе, пікір алмасу. Түркітілдес елдердің рухани астанасы Түркістанды өнер тілімен насихаттау.

Симпозиумге халықаралық дәрежедегі суретшілер Татарстан Республикасы Еңбек сіңірген суретшісі Ильнур Сиразиев, Түркия суретшісі Замира Шахин, Әзербайжан Республикасынан Жалал Агаев, Ресей Федерациясынан Геймран Баймуханов, Өзбекстан Республикасынан Дилором Мамедова, Бішкектен Қырғызстанның халық суретшісі, академик Юристанбек Шигаев, Қазақстан көркем академиясының толық мүшелері, Қазақстанның Еңбегі сіңген қайраткерлері, академик Ерлан Айтуаров, Өсербай Шоранов, Сейсенхан Маханбетов, Алпысбай Қазығұлов, Мұрат Қалқабаев, Жанұзақ Мүсәпір, Айнабек Оспанов және Қазақстан көркем академиясының академиктері Бақытнұр Бүрдесбеков, Қайыр Оразғалиев, Халықаралық Тұран сыйлығының лауреаты Әділғали Баяндин, Қазақстанның халықаралық дәрежедегі суретшілері, өнертанушы Жеңіс Кәкенұлы, Камила Жапалова, Толқын Табысбек, Динара Нүгер, Құдаш Нұрсадықов, Ерзат Болатхан, Жантөре Байдәулетов, профессор-суретші Жанарбек Берістен, ҚР Мәдениет қайраткерлері Нұрлан Шилібаев, Марат Ғабдірахманов, Аманат Назарқұл, түркістандық суретшілер Жантөре Байдәулетов, Мұрат Шаханбаев қатысты.

Симпозиумда ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов сөз сөйлеп, суретшілерге сертификат тапсырып, мәртебелі дипломдармен марапаттады. Шарада шетел суретшілері атынан Қырғызстанның халық суретшісі Юристанбек Шығаев пен Қазақстан суретшілері атынан ҚР көркем академиясының академигі және вице-президенті Ерлан Айтуаров сөз сөйлеп, көрменің маңыздылығын тілге тиек етті.

Айта кетейік, симпозиумда суретшілер 5 күн аралығында 120-дан астам жоғары дәрежедегі туынды жазды.