Жошы ұлысын зерттейтін ғылыми институт ашылады

Елде Жошы ұлысын зерттейтін ғылыми институт ашылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы бүгін Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев Алтын орда тарихына арналған конференцияда мәлімдеді. Оның айтуынша, қазір саясатты араластырмай-ақ тарихты зерттейтін кез келді. Ғалымдар барлық маңызды оқиғалардың шын мәнісінде қалай болғанын анықтауы керек. Жаңа институт 1269 жылғы Талас құрылтайынан бастап Кенесары ханның билігіне дейінгі кезеңді зерттеп, ел назарына ұсынады.

Дәурен Абаев, ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары:

– Керей мен Жәнібек хандар бастаған қазақ халқының Жетісуға қоныс аударуы оның қалыптасу кезеңінен өтіп, ұлтқа айналғанын айшықтайды. Ғалымдардың зерттеуінше, бұл процесс Ұлық Ұлыстың дәуірлеп тұрған уақытынан басталды. Мұны фольклорымыздан да көреміз. Жыр-дастандарымыздың қаһармандары – Едіге, Әз-Жәнібек, Майқы би, Тоқтамыс, Асан қайғы сияқты Алтын Орда кезіндегі қайраткерлер.