Алматыда «Esquire Club» мүшелерінің алғашқы мәдени іс-шарасы өтті

Алматыда «Esquire Club» мүшелерінің алғашқы мәдени іс-шарасы өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елімізге танымал өнер жұлдыздарының басқосуын «Esquire» ерлер журналының қазақстандық нұсқасын шығарушы «Partners Media Group» баспа үйі ұйымдастырды. Кездесуде клуб мүшелері мәдени өмірде болып жатқан оқиғаларды талқылап, бір-бірімен пікір алмасты. 

«Esquire Club» мүшелерінің кезекті кездесуі «Сhaplin Cinemas» кинотеатрларында өтті. Соған орай британдық кинорежиссер Гай Ричидің «Адамзаттың ашуы» атты киносы көрсетілді. Бұл кинотуындының экранға шығуы әлемдік киноиндустрия үшін айтарлықтай елеугі оқиға болды, дейді мамандар. 

Альмира Тұрсын, актриса:

– Esquire клубының ұйымдастыратын барлық мәдени іс-шараларға қатысуға тырысамын. Өстіп бұрынғы өмір қайта қалпына оралып жатқаны қуантады. Бір-бірімізбен қарым-қатынас жасап, еркін пікір алмасуға мүмкіндік береді. Журналдың тұрақты оқырманыным. Бәріміз кино көріп, артынан талқылаймыз.

«Esquire Club» ұйымдастыратын әрбір мәдени іс-шараның мақсаты – өнер адамдары мен бұқаралық ақпарат құралдары саласында еңбек етіп жүрген  мамандардың басын қосып, мәдениеттің дамуы жайында ой бөлісу. «Солардың барлығын сараптап, журналға мақала немесе сұхбат ретінде дайындаймыз», дейді журналдың бас редакторы Александр Медведев.

Александр Медведев, «Еsquire» журналының бас редакторы:

– Қазір мерзімді баспасөз үшін оңай кезең емес. Сондықтан біз заман ағымына қарай бейімделуіміз керек. Оқырман сұранысына сай болатын журналдың концепциясы мен ұстанымына өзгеріс жасап жатырмыз. Өнер мен мәдениет тақырыбына көңіл бөлеміз. Соңғы жылдары елімізде дарынды актерлер, режисесерлер, жазушылар шығып жатыр. Бірақ олардың көбісін жұрт тани бермейді. Біздің мақсатымыз – сондай адамдардың өмірі мен шығармашылығын оқырманға таныстыру. 

Жалпы «Esquire» ерлер журналының қазақстандық нұсқасы елімізде 2005 жылдан бастап шығады. Таралымы – 20 мың дана. Тұрақты оқырмандарын қалыптастырған басылым бетінде саясат, бизнес, өнер, спорт, сән үлгісі сынды тақырыптар қамтылады.

Авторлар: Алмас Садуақас, Радик Жақыпов

Сондай-ақ...