Қарағандыда мұрағатқа сегіз мың құжат тапсырылды

Саяси қуғын-сүргін кезеңін зерттеп жүрген жас ғалымдар олжалы болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қарағанды облысының мұрағат қоры зұлмат жылдардың ақтаңдақтарын ашатын құнды құжаттармен толықты. Оны белгілі ғалым, осы тақырыпта 200-ден астам ғылыми еңбек жазған, 50-ге жуық кітаптың авторы Нұрлан Дулатбеков тапсырды. 467 папкаға қатталған 8 мың құжат 1731-2021 жылдар аралығын қамтиды. Оны ғалым 7 бірдей мемлекеттің, яғни Қазақстан, Ресей, Украина, Беларусь, Литва, Эстония және Финляндия елдерінің мұрағатынан 20 жылға жуық жинаған. Ғалымның айтуынша, көпшілігі әлі ғылыми айналымға енбеген, енді ол жұмыс жас ғалымдардың еншісінде. 

Нұрлан Дулатбеков, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ректоры:

– Көптеген біздің ақтаңдақтардың ашылмай жатқаны шындық. Сондықтан да осы тірнектеп жинаған дүниелердің барлығы халық игілігіне пайдаланылса екен, жас ғалымдарымыз, біздің үлкен ғалымдарымыз осы тақырыпты терең зерттесе екен және соған мына құжаттарды пайдаланса деген ниетпен Қарағанды облыстық архивіне ұсынып отырмыз. 10-15 жылдың ішінде мүмкін 10-15 процентін ғана пайдаланған шығармын. Ендігі кезекте жас ғалымдарымыз соны әрі қарай жалғастырса дейміз.