Түркістанда көне түркі тіліндегі Құран кітаптың тұсаукесері өтті

Түркістанда 10 ғасырда көне түркі тіліне аударылған алғашқы Құран кітабының тұсаукесер рәсімі өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл іс-шара «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» атты конференцияның аясында ұйымдастырылған. Халықаралық Түркі академиясы басып шығарған бірегей басылым – біздің заманымызға жеткен Құран аудармасының ең көне әрі толық нұсқасы. Бүгінде бұл қолжазба Ыстамбұл қаласындағы Түрік және Ислам өнері музейінде сақтаулы тұр. Қасиетті кітаптың жарық көруі Түркістанның түркі әлемінің рухани астанасы атануымен тұспа-тұс келді.

Дархан Қыдырәлі, Халықаралық Түркі Академиясының президенті:

– Қолжазбаны біздің ғалымдарымыз, Ыстамбұл университетінің белгілі ғалымы және Еуразия ұлттық университетінің докторанты қайта оқып баспаға әзірледі. Ол Қазақ-Түркі университетінің түлегі екендігін айта кету керек және Халықаралық Түркі Академиясы Құран Кәрімді арнайы баспаға ұсынып жариялады.