Аталмай жүрген бір арыс: Біләл Сүлейұлы туралы не білеміз

Зұлмат жылдары 128 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырады.

Соның 28 мыңдайы ату жазасына кесілді. Нақақтан нақақ жала жабылып, қызыл террордың құрбаны болған ұлт зиялыларының бірі – Біләл Сүлеев. Елдегі білім саласын дамытуға сүбелі үлес қосқан тұлғаның тағдыр жолы күні бүгінге дейін толық зерттелмеген.

Біләл Сүлейұлы - Ахмет Байтұрсынұлының төл шәкірті. Ұлт ұстазынан тәлім алған ол саналы ғұмырын ағартушылыққа арнады. Орынбор мұғалімдер семинариясын бітіргеннен кейін екі өңірдің білім беру ісіне жетекшілік етті. Қарақалпақстан және Қазақстанның халық ағарту комиссары ретінде саланың дамуына сүбелі үлес қосты.

Елдос Тоқтарбай, алаштанушы:

- 20 ғасырдың бас кезіндегі оқу ағарту саласында әліпби саласына қатысты, түркологиялық жиындарға Біләл Сүлейұлы шақыртылып отырған. Және сол шақырылған 80 делегат болатын болса, соның ішінде көшбасшы орында Біләл тұрады. Бұл Біләлдің азаматтық қайраткерлік рөлін айғақтап берсе дәлел. Айналдырған небәрі екі үш жылдың ішінде ол екі жылдық он тоғыз бастауыш мектеп, он бір жеті жылдық педтехникум ашқан. Сонымен қатар оқу ағарту саласында проблематикалық мәселелерін көтере отырып мақала жазған.

Алаш ардақтысы елдегі екі жоғарғы оқу орнының негізін қалады. Семей мемлекеттік университеті мен Ақтөбе педагогикалық университетін ашты. Әрі осы екі оқу орнында алғашқы ректор қызметін атқарды. «Қазақ» және «Жетісу» газеттерін шығаруға атсалысқан қайраткер ақын, журналист, публицист драматург ретінде танымал. Ағартушылық арқылы ұлт азаттығын аңсаған тұлғаның өзі ғана емес, тұтас әулетімен бірге қуғындалып, қызыл саясаттың құрығына ілікті. Алдымен Біләлдің әкесі Сүлей қажы Майлыұлы, артынша кіші әкесі педагог Жақып Майлыұлы да атылды. Туған інісі Мүбәрәк он жылға сотталса, бауыры Кәбік Сүлейұлы да айдалып өлім жазасына кесілген.

Елдос Тоқтарбай, алаштанушы:

- Бір әулеттен бес адам ажал тырнағына ілініп, қызыл террордың құрбаны болу – катастрофа. Әрқайсысынан тұқым қалдырмай құртып тастаған. Бұл үлкен өз заманындағы адам айтса сенгісіз, аңызға бергісіз деректерді жасап кеткен, үлкен істерді жан тәнімен атқарған тұлға қанша мектептер ашты, қаншама оқу орындарының негізін қалады, сөйтіп жүріп өзі атылды. Атылатынын да, айдалатынын да, сотталатынын да, ұрпақсыз қалатынын да білді, ұрпақтарының орыстанып, мәңгүрттеніп кететінін де білді, қатын-баласынан айрылатынын да білді, бірақ біле тұра азаматтық позициясы ұлт азаттық қозғалысы жолындағы белсенділігінен айныған жоқ. Және соған сеніп, сол жолда күресіп, 40-тан асар аспас шағында атылды да кетті.

Нақақтан-нақақ жала жабылып 1937 жылы ату жазасына кесілген Біләл Сүлейұлы 1958 жылы ақталған. Содан бергі 63 жылда алаш ардақтысы жайлы жинақталған тұщымды дүние мына бір жұқа кітап қана. Мұның өзін алаштанушы жас ғалым тірнектеп дерек жиып, таяуда ғана баспадан шығарды. Ал түбегейлі зерттеуге мұрағаттардың есігі ашыла бермейді.

Шыңғыс Қалиден, тілші:

- Талдықорған қаласының Еркін ықшам ауданындағы кішігірім мына көше Біләл Сүлейұлының есімімен аталады. Қазақ халқының көрнекті қайраткеріне бұйырған құрмет осы ғана. Білім беру саласының негізін қалаған тұлғаның аты не мектепке не мәдениет үйіне берілмеген. Алаш ардақтысының еселі еңбегі, өмір жолы да ғылыми тұрғыда тыңғылықты терең зерттеуді қажет етіп тұр.

Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов