Ақтаулық жазасын өтеуші Л.Вильдановтың картиналары әлемді шарлап жүр

Ақтауда жазасын өтеуші бейнелеу өнерін табысқа айналдырды.

23 жастағы Леон Вильданов суреттерін ғаламтордағы аукционда сатады. Әлемдік нарықта оның авторлық туындылары 1 мың еуроға бағаланып отыр.

Еркіндік. Шексіз қиялдың шарықтауы. Бір сәт жанның тыныштығы. Бұл Леон Вильдановтың қолына қылқалам алғандағы өз әлемі. Ол ойындағы көріністі бейнелеу арқылы тар қапастан бостандыққа шыққандай болатынын жеткізді. Есірткі сатумен айналысқаны үшін 5 жылға сотталған ол осы уақытқа дейін 20-дан астам картина салған. Автор табиғатты, абстракцияны бейнелегенді ұнатады. 

Леон Вильданов, жазасын өтеуші:

– Суретті салған кезде өмірге деген басқа көзқарасым ашылады. Ішімдегі барлық эмоциямды шығарамын. Суретке акриль, гуашь пайдаланамын. 1 картинаға 1,5-2 сағат уақыт арнаймын. Бұрын кәсіби түрде айналысып көрмегенмін. Колонияда арнайы шеберлік сабағы болды, сол уақытта аяқ астынан қызығушылығым ашылды.

Осылайша, кездейсоқ қырын ашқан Леон Вильданов 1 жыл бұрын сурет салуды бастаған. Талантын байқаған түрме басшылығы қолдау көрсетіп, сатуға көмектесіпті. Картиналарды жергілікті көрмелерге қойып, кейін ғаламторға шығарған. Artmajor платформасында оның туындылары 10 мыңнан 15 мың еуроға дейін бағаланып отыр.

Роман Теленьков, облыстық ҚАЖД баспасөз хатшысы:

– 1 картинасы жергілікті көрмеде 15 мың теңгеге сатылды. Леон ол қаражатты қайырымдылыққа жұмсады. Ақша өзінің жеке есепшотына түседі және қалай жұмсайтынын өзі шешеді. Кейін картиналарын әлем бойынша сатуды қолға алдық. Қазір 6 туындысы сатылымда тұр. Жалпы, колонияда шығармашылық адамдары көп. Бірі өлең жазады, бірі мүсінші. Оларға да көмектесу жолдарын қарастырып жатырмыз.

Қазір уақытша қамау изоляторындағы 240-тан астам жазасын өтеуші шығармашылықпен айналуысудан бөлек, жұмыспен де қамтылған. Леон Вильданов та – асханада аспаздың көмекшісі. Жалақы алып, отбасына жібереді. Бостандыққа шыққасын түрмедегі өнерін тастамақ емес. Картинадан тапқан қаражатына туған жерге саябақ ашуды армандайды.

Айгерім Ашықбаева, Ренат Дүйсалиев