Ұлытаудағы Жошы хан кесенесінің маңайы аспан астындағы музейге айналды

Қазір тарихи-мәдени кешеннің құрылысы аяқталуға жақын. Енді мазарға барып мінәжат етемін деушілерге, қызықтап келетін туристерге барлық жағдай жасалған. Ол үшін заманауи «Сапар орталығы» салынды. 

Жошы хан мазарының маңындағы тарихи-мәдени кешеннің құрылысы маусым айында толық аяқталады. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 2 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінген. Ең бастысы, құрылыс барысында кесененің тарихи сәулеті сақталды. Ал ауласы абаттандырылып, алаң төріне Жошы ханның алып ескерткіші қойылды. Жағалай туристер тоқтайтын қонақ үйі, мінәжат ету орыны тұрғызылды. Орталық ішінде өлке тарихынан сыр шертетін мұражай, кәдесый сататын дүкен жұмыс істейтін болады және жағалай этноауыл бой көтереді.

Айта кету керек, кесенеге барар 30 шақырым жол да жөнделген.

Бақтияр Қожахметов, «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайының директоры:

- Мысалы, Жошы ханның 1946 жылы түсірілген суреті бар. Ол суретті қарасаңыз күмбезі жоқ, порталының жартысы жоқ, бұрыштарының бәрі құлаған болатын. Оны біз сол қалпында қалдыратын болсақ бүгінгі күнгі оның көптеген сырларын, архитектуралық әдістерін біз білмейтін едік.

Ұлан-ғайыр қазақ даласының түп кіндігі саналатын қасиетті Ұлытау жерінде 6 мыңға жуық ескерткіш бар екен. Өкінішке орай, қазір соның тек 20 проценті ғана зерттеліп, мемлекет қорғауына алынған. Қалғаны сыр бүгіп жатыр. Егер инфрақұрылымды заманға сай дамытса, келешекте киелі жерге туристерді көптеп тартуға болатынын айтады. Осы мақсатта Ұлытауда бұрын-соңды болмаған зәулім «Сапар орталығы» салынды. Оған республикалық бюджеттен 546 миллион теңге бөлінген. Мұнда қонақ үйі, музей, кітапхана, ақпараттық зал, тіпті балаларға арналған ойын бөлмесі бар. Орталық бір мезгілде 100 адамды қабылдай алады.

Аман-Серік Есенғалиұлы, мұражай қызметкері:

- Қазіргі таңда осы деңгейде 2 турагенттігімен жұмыс жүргізіп отырмыз. Ал негізгі біздің ресми сайтымызда өзіміздің туристік бағыттарымыз орнатылған. Бізде 25 кешен бар, солардың барлығының бағыты орналастырылған.

Мамандардың айтуынша, Алаша хан, Жошы хан, Келін там, Талмас ата, Болған ана, Құлан ана мазарлары мен Едіге, Тоқтамыс жатқан жерлерді, Таңбалы тас пен Теректі петроглифтерін, аңызға тұнған Әулиетауды көруге келетін жиһанкездер саны жыл санап артып келеді екен. Соған орай өткен жылдан бері тарихи орындардың бірқатары жөнделіп, маңайы абаттандырылған.

Авторлар: Ардақ Асылханұлы, Сайлау Игіліков