YouTube-тегі алғашқы миллион: «Хабар 24» арнасына «алтын батырма» табысталды

«Хабар 24» арнасының YouTube каналына жазылғандар саны 1 млн-нан асқанын хабарлағанбыз.

Енді сол көрсеткішті растайтын хостингтің «алтын батырмасы» да келіп жетті.

«Хабар 24» YouTube арнасы 2012 жылы құрылды. Осы уақыт ішінде 300 мыңнан астам видео жүктелді. Мұның ішінде елдегі және әлемнің түкпір-түкпірінен тікелей эфирлер, саясат, экономика, мәдениет және қоғам жаңалықтары үздіксіз көрсетілді. Мысалы, Қордайдағы қайғылы жағдайлар, Алматы, Қарағанды маңындағы ұшақ апаттары, Арыстағы оқдәрі қоймасының жарылысы. Осындай қауіпті аймақтардан тілшілер тікелей эфирде ақпарат таратты. Ай сайын арнамыздың видеохостингіне 30 мыңға жуық адам жазылады. Ал бұл көрермендердің «Хабар 24» шынайы әрі өзекті ақпарат іздеп келетіндігін аңғартады.

2019 жылы арнамызға YouTube-тің «күміс батырмасы» табысталған болатын. Осылайша небәрі 2 жылдың ішінде тұрақты оқырмандар санын миллионға жеткізді. Тек 2020 жылдың өзінде каналға жазылушылар саны орта есеппен 500 000 адамды құрады.

Бізбен бірге болғандарыңыз үшін алғыс айтамыз.

Екі жылдың ішінде мұндай нәтиже тіркеу – рекордтық көрсеткіш. Себебі 2019 жылы ғана каналға жазылушылар саны 100 мыңды құраған. 2020 жылы 500 мыңға артты. Ал биыл сәуір айында 1 миллионнан асып жығылды. «Хабар 24» өзекті жаңалықтар мен оқиғаларды көрерменге теледидар арқылы жеткізіп, онлайн желіге де жүктейді. Яғни, әлемнің түкпір-түкпіріне таратады. Қаралым саны күн сайын артып келеді. Мәселен, мамыр айында 4 млн 300 мың адам «Хабар 24» жаңалығын осы платформадан арнайы іздеп тапқан.

Айта кетейік, агенттік үшін бұл – екінші «алтын батырма». Бұған дейін «Хабар» телеарнасының «Хабар SHOW» аккаунты 1 миллионнан аса жазылушы жинаған болатын.

Ерлан Бекхожин, «Хабар» Агенттігі» АҚ басқарма төрағасы:

– Ең алдымен көрермендерімізді құттықтағым келеді. Себебі біз солар үшін жұмыс істейміз. Осы тұрғыда «алтын батырмаға» ие болуымыз заңдылық деп ойлаймын. «Хабар 24» телеарнасындағы барша әріптестерімді құттықтаймын. Енді біз жаңа белестерге ұмтылатын боламыз. 

Самсон Безмятежный, «Genesis Youtube Central Asia» ұйымының директоры:

– YouTube-тегі басқа арналармен салыстырғанда «Хабар» агенттігі ең жоғары нәтижелер көрсетті. Қазақстанның YouTube кеңістігінде үздік саналады. Агенттік телеарналары біздің платформада жалпы саны 7 млн жазылушы жинады.