Бас қалада Ж.Елебеков атындағы дәстүрлі ән байқауы өтті

Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Жүсіпбек Елебеков атындағы дәстүрлі ән орындаушылар байқауының жеңімпаздары белгілі болды.

Еліміздің барлық өңірінен жиналған 38 талантты жас екі күн бойы Арқа төсін әнге бөледі. Республикалық байқау екі кезеңмен өтті. Алғашқысында қатысушылар Жүсіпбек Елебековтың әндерін шырқаса, екінші күні еркін тақырыпта өнер көрсетті. Нәтижесінде бас жүлде алматылық өнерпаз Ақжол Өсербайға бұйырды. Жүлдегерлердің барлығы да бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Ақжол Өсербай, бас жүлде иегері:

– Өте қуаныштымын. Қуанышты айтып жеткізу мүмкін емес. Қарсыластар өте жақсы дайындықпен, тың дайындықпен келген. «Бақ шаба ма, бап шаба ма» дейді. Өнер жолында жүргеннен кейін бағымыз шауып тұр ғой.

Рамазан Стамғазиев, қазылар алқасының мүшесі:

– Қуанып отырғаным, аға-буынға айналып бара жатқан, 35-ке тақаған, сүйегі қатқан әншілерден гөрі, солардың өкшесін басқан, алдыңғы буын ағаларының қатарында сапқа тұрып, қолына домбыраларын алып, сонау көнеден келе жатқан халық әншілері мен халық әндерін естімеген, әлі әншілердің тісі бата қоймаған, әлі айта қоймаған көптеген әндерді осы байқаудан байқап отырмыз.