427,82 518.00 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Міржақып Дулатовтың бұрын еш жерде жарияланбаған суреті табылды

  • 134
  • UPD: 20:26, 31.05.2021

1927-53 жылдары Қазақстанда 125 мыңнан астам адам қуғынға ұшырап, жазықсыз жапа шекті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың 25 мыңы атылып кетті. Қалғаны Сібірге жер аударылды. Ел ішінде бас көтеретін көзі ашық азаматтардың барлығы қуғынға түсті. Солақай саясат олардың отбасы мен туған-туыстарын да аямады. Жан жарасы әлі күнге жазылар емес, дейді репресия құрбандарының ұрпақтары.

Қуғын-сүргін құрбаны, Алаш арыстарының бірі Міржақып Дулатовтың бұрын еш жерде жарияланбаған суреті табылды. Оны ақынның Алматыда тұратын жиеніне түркиялық азаматтар әкеліп берген. Анығын айтқанда, Ерлан Әбенұлына суретте жанында тұрған Ахметвали Ибрагимовтың ұрпақтары хабарласқан.

Зерттеушілердің айтуынша, татар зиялысы Ахметвали Ибрагимов Менгер Міржақып Дулатовты аса құрметтеген. Тіпті сотталып кеткеннен кейін де қол ұшын беруге ұмтылған деседі.

Сәбира Иманбаева, тарих ғылымдарының кандидаты, міржақыптанушы:

– Бұл уақыт мынау «Оян қазақ» шығармасы жарыққа шыққан кезбен тұспа-тұс келеді. Бұл суретке байланысты зерттеулер жүргіздік. Осы «Оян қазақ» шығармасын насихаттау мақатында Петропавл қаласына келеді. Сондағы мұсылмандар кітапханасын оқу залының меңгерушісі болып жұмысқа орналасады. Табылған суретте сол Петропавл қаласында әулетті татар отбасында дүниеге келген Ахметвали Ибрагимов Меңгер деген. Сол кезде Ахметвали 18 жастағы жігіт болған.

Тарихшы Сәбира Иманбаева міржақыптанумен айналысады. Ғалым ақын жайында ашылмаған деректер әлі де бар дейді. Солақай саясаттан қазақ зиялыларымен қатар, ел ішінде бас көтерер азаматтар да жапа шекті. Тіпті бірінің орнына бірін ұстап алып кеткен. Нарынқолдық ұста, зергер Рақымбай Асылбековты басқа адамның орнына түрмеге жауып, жазықсыз атып тастаған, дейді немересі. Қолында мұрағат құжаттарының көшірмесі де бар. Оған Қытайға кеңес үкіметі туралы құпияны таратты деп жала жапқан.

Ернар Рақымбаев, Рақымбай Асылбековтың немересі:

– Менің атам тура осы Алматыдағы КГБ-ның түрмесінде атылыпты. Оны біз барып архивтен алған кезде бізге бір экземплярын көрсетті атылған адамдардың. 1938 жылы 5 қаңтар күні 26 адам атылыпты. Сол тізімде менің атам тұр. Тізімде менің оқып қалғаным Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлиннің фамилиясы тұрды. Атылған приговор орындалды деп 38 жылы 26 сәуірде бірақ жарияланған екен.

«Қыз Жібек» фильмінің режиссері Сұлтан Қожықовтың әкесі де халық жауы атанғанын екінің бірі біле бермейді. Қоңырқожа Қожықов Алаш қозғалысының көрнекті өкілі. Оның сол кездегі ағартушылыққа қосқан үлесі ұшан теңіз. Қазақ балалары үшін «Әліппе» жазған. Мектептер ашқан. Кейін Санжар Асфендияров, Мұхаммеджан Тынышпаевтармен бірге елдегі алғашқы жоғары оқу орындарының негізін қалады. 1938 жылы «Халық жауы» деп ұсталып ату жазасына кесіледі.

Cәуле Қожықова, Қоңырқожа Қожықовтың немересі:

– Біздің атамыз Қоңырқожа 12 жасында Перовскідегі қалалық училищеге барып, оны аяқтаған бетте Ташкенттегі мұғалімдер даярлайтын семинарияға оқуға түскен. Оны бітіргендерге халық мұғалімі деген атақ берген. Қоңырқожа Қожықов өз елін, жерін сүйді. Сол үшін аянбай еңбек етті. Ол кісіні патша тұсында үш рет, кейін кеңес кезінде үш рет тұтқындады. Соңғысында түрмеден шығармай, атып тастады.

Қоңырқожа Қожықов «Мен ең бастысы өз ұлтымның тәуелсіздігін сақтайтын үкіметті қолдаймын. Басқасы маңызды емес» деген екен. Сол азат ел болуға ұмтылған ерлерді еске алу, бүгінгі жас ұрпақ үшін, тәуелсіз Қазақстанның әрбір азаматы үшін қасиетті парыз екенін ұмытпайық.

Авторлар: Қарлығаш Қайыпбекова, Валентин Лобанов, Сержан Жұмабаев

Хабар 24 телеарнасы