425,82 518.00 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алаш арысы Хайретдин Болғанбаев туралы естуіңіз бар ма?

  • 126
  • UPD: 22:40, 31.05.2021

Саналы ғұмырын ұлтқа арнаған арыстарымыз аз емес, деп хабарлайды «Хабар 24».

Саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болған Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев сынды қазақтың қаймақтарын білеміз. Ал Хайретдин Болғанбаевты естуіңіз бар ма? Шыны керек, бұл есім көп атала қоймаған. Тоталитарлық жүйе жазған өтірік тарихтың салдарынан, осылайша, қаншама қайраткеріміз еленбей келді. Енді шаң басқан архивтер ақтарылып, ұлттың тұлғалары ақталып жатыр. Өмірлері мен еңбектері кітап боп қатталып жатыр.

«Хайретдин Болғанбаев – өшпес жұлдыз сәулесі». Бұл Алаш қайраткерінің жиен немересі Достық Камеловтың нағашысына арнап шығарған кітабының атауы. Болғанбай Әбдрахманұлы 1894 жылы Ақмола облысының қазіргі Қорғалжын жерінде дүниеге келген. Журналист, әдебиетші, Алаштың даңқты азаматы. Қазақ зиялыларымен тікелей араласып, газеттерге мақаласын жариялап тұрған. Бодандыққа қарсы күреске халықты қылыштай қайрап отырған. Түркістан автономиясын құруға ат салысқан. Мұнысы орталыққа ұнамаған болуы керек. Содан қуғын-сүргінге ұшырайды. Ақыры 1937 жылдың қарашасында Ташкентте жазықсыздан-жазықсыз атылады.

Достық Кәмелов, Х.Болғанбаевтың жиен немересі, кітап авторы:

– Хайретдин Болғанбай Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсыновпен «Қазақ газетін» шығарған. Сұлтанбек Қожанмен бірге «Бірлік туы» газетін шығарған. Мағжан Жұмабаев екеуі жолдас болған. Екеуі 1894 жылы өмірге келген. Екеуі Петропавл қаласында педтехникумда істеген. Осы уақытқа дейін Хайретдин Болғанбайды көп адамдар білмейтін. НКВД-ның архивтерін қарап, біз бірінші рет көп құжаттарды тауып отырмыз. Ол ел үшін өз жанын қиған.

Хайретдин Болғанбаевтың еңбегі мен кір тасындай салмақты мұралары әлі де зерттелу үстінде. Есімі барынша насихатталып жатыр. Бүгінде өзінің туған жері Қорғалжынның бір көшесіне Алаш арысының есімі берілген. Елдімекенге кіреберіске билборды ілінген. Аудан басшылығы Хайритдин Болғанбаевты әлі де дәріптей  түспек. 

Дарын Сабырғали, Қорғалжын ауданы әкімінің орынбасары:

– Мектеп бағдарламасына, мынау кітапханаларға барлығына таратып, республика деңгейінде танытып, соны көрсетейік деген бір ойымыз бар. Конференция үлкен жоспарлап отырмыз. Ол енді облыс әкімінің қатысуымен болады. Әрі қарай енді жеткізіп, көрсетіп дегендей. Бұл тек басы ғана әрі қарай жалғастырамыз істерімізді.

Ташкентте атылған қайраткер жарты ғасырға жуық уақыт өткеннен кейін ғана толық ақталады. Енді өзге арыстар сынды атын елге асыра түсу мұрат. Кітаптың тұсаукесерінен соң осылай деген Достық Кәмелов қайраткер Хайретдин Болғанбаевтың есімі облыс орталығы Көкшетаудың бір көшесіне берілсе деген тілегін жеткізді.

Авторлар: Қорған Қонысбайұлы, Нұрғали Мамырбаев

Хабар 24 телеарнасы