Танымал ғалым Сағади Бөлекбаев өмірден озды

Көрнекті ғалым, философия ғылымының докторы, профессор Сағади Байұзақұлы Бөлекбаев дүниеден озды.

Бұл туралы ғалымның философия кафедрасындағы әріптестері хабарлады.

«Бүгін қазақ философиясы ғылымы ауыр қазаға душар болды. Әйгілі ойшыл-философ Ағын Қасымжановтың ізбасары, көрнекті ғалым, философия ғылымының докторы, профессор Сағади Байұзақұлы Бөлекбаев дүниеден оздыМарқұмның отбасы мен туған-туыстарына кафедра ұжымы атынан қайғырып көңіл айтамыз. Жатқан жеріңіз жарық, топырағыңыз торқа болсын!», – делінген Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Философия және саясаттану факультеті Философия кафедрасы таратқан хабарламада.

Профессор Сағади Бөлекбаев – жарты ғасырға жуық ғұмырын ғылым мен ұстаздыққа арнаған белгілі ғалым, педагог, қоғам қайраткері, Саяси ғылымдар және Заң ғылымдары академияларының академигі.

ҚР БҒМ-нің ұлттық сарапшысы, Қазақстан халқы ассамблеясының кеңесшісі, ҚР Мәдениет министрлігі Дін істері жөніндегі комитеті сарапшылар кеңесінің мүшесі, Алматы қаласындағы ақпараттық-талдау орталығының мүшесі болған.

Профессор Сағади Бөлекбаев шетелдік ғылыми орталарда да танымал тұлға. Ғалымның 50-ден астам ғылыми еңбегі Чехия, Польша, Нидерланд, Германия, Пәкістан, Ресей, Украина, Өзбекстан, Түркменстан, Қырғызстан, Әзербайжан және т.б. елдерде жарияланған.