Елордада «Шыңғыз хан» атты кітаптың таныстырылымы өтті

Ел тарихын толықтыратын тың туынды. Бүгін елордада «Шыңғыз хан» атты кітаптың таныстырылымы өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оны мемлекет және қоғам қайраткері Ержан Исақұлов пен араб, парсы, көне шағатай тілдерінің маманы Зәріпбай Оразбай жазған. Кітапта бүгінге дейін бұрмаланып келген тарихымыз туралы тың деректер және карталар жарияланады.

Тарихи кітап негізінен түркі тайпаларының пайда болуы, оның ішінде қазақ руларының шығу тегі, ата қонысы мен салт дәстүрлері баяндалады. Ондағы деректер ортағасырлық энциклопедияға айналған «Жамиғат-тауарих» парсы тілінде жазылған Шараф ад-Дин Әли Йаздидің «Зафар намасы» мен Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» атты туындыларынан тікелей аударылған.

Ержан Исақұлов, кітап авторы, саясат ғылымдарының докторы:

– 700 жылдай болған. осы кездерде адамдардың аттары, жердің атауы, таулардың атаулары, өзен-көлдердің атауы сан рет өзгерді. Сол кездегі рулар тармақ-тармаққа бөлініп кетті. Осы «Шыңғыз хан» атты кітапта солардың барлығына түсініктеме беріп, ондағы атаулар қазір қай мемлекеттік, қай жерлерінде екендігі туралы ескі карталар мен жаңа картаны салыстыра отырып көрсетілген.

Көне парсы тіліндегі кітаптарды Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің аға ғылыми қызметкері Зәріпбай Оразбай 4 жылдай аударды. Сөйтіп өзімізге қатысы бар тұстарын жинақтаған.

Зәріпбай Оразбай, кітап авторы, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің аға ғылыми қызметкері:

– Бұл кітаптың аса құндылығы бұрынғы кезде евроцентристік көзқарасқа байланысты ол жерде көптеген бұрмалаушылық болған. Біз сол тікелей аударғанның нәтижесінде шынайы тарихымызға қол жеткізіп отырмыз.

Кітап тұсаукесерін елорданың «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі ұйымдастырды. Шараға Мырзатай Жодасбеков және басқа да зиялы қауым өкілдері қатысты.

Талғатбек Әбдіқожа, Жандос Битабаров