«Маска» шоуы алдағы уақытта жалғасын табуы мүмкін

29 наурыздан бастап «Хабар» телеарнасынан көрсетілген «Маска» музыкалық шоуы мәресіне жетті. Әлемге танымал жобаның қазақша нұсқасы көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Бағдарламаға қатысқан 14 үміткер арасында Арқар бейнесінде өнер көрсеткен әнші-актер Ерден Жақсыбеков жеңіске жетті.

Екі айдан аса уақыт бойы көгілдір экранға көз тіккен көрермен «Маска» музыкалық шоуының финалын асыға күтті. Ақтық сынға Арқар, Аққу және Арыстан бейнесіндегі үміткерлер шыққан еді. Қазылардың шешімімен жеңіс Арқарға тиді. Соңғы сәтке дейін Арқар бейнесінде өнер көрсеткен адамның кім екенін ешкім біле алған жоқ. Көрермен ғана емес, әділ қазылардың да ойын сан-саққа жүгірткен қатысушы Ерден Жақсыбеков болып шықты. Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актері, жоба барысында естен кетпес қиындықтар мен қызықтардың көп болғанын айтады.          

Ерден Жақсыбеков, «Маска» шоуының жеңімпазы:

- Ана өнер көрсетуге шығарады. Сол кезде ғана басымды киемін. Арқардың басын. Сол кезде сеткасы бар ғой, содан ғана ауа кішкене кіреді. Бірақ соның өзінде біткенше. Бірақ өнердің соншалықыты бір қасиеттілігі бір адамды шабытқа бөлеген кезде мен шын арасында қанша ауа жетпесе де, тіпті сол ыстық ауаға үйреніп,  ұмытып, өнерімді көрсетіп, билеп, ауа жетпей жатқанын да ұмытып кеткен кездерім болды.     

Жақсыбеков жеңімпаз атанған шоуда жас әнші Айри екінші орынды иеленді. Ал әзілкеш Нұрболхан Шараповқа үшінші орын бұйырды. Бұл жоба көптеген жас өнерпаздың халыққа кеңінен танымал болуына септігін тигізді. Бағдарламаның тағы бір ерекшелігі – бұл қазақша нұсқасы болғандықтан қатысушылардың киімін ұлттық нақышта тіктіріп, оларға қазақша атау бердік дейді жоба продюсері Гүлнұр  Мамасарипова.

Гүлнұр Мамасарипова, «Маска» шоуының продюсері:

- Жалпы біздің мақсатымыз шоу жасаудағы көрермен, көп көрермен көргеніне қол жеткізу. Осы тұрғыдан алып қараған кезде «Маска» шоуы үлкен аудитория жинай білді, үлкен резонанс тудырды. Ең басында шамалы жатырқағандар да болды. Ресейдің «Маскасымен» және де Украинаның «Маскасымен» салыстырып, көп сын айтылды, бірінші, екінші бағдарламада.  Одан кейін кері реакция жүрді. Көрермен өз-өзіне келді, әрқайсысының өзінің сүйікті маскасы болды, әрқайсысы бір-бір масканың жанкүйері болды. Сондай бір үлкен телечелленжге айналып кетті деп айтуға болады.                                                                                     

Жоба жетекшілері егер көремендерден сұраныс болса алдағы уақытта «Маска» шоуының екінші маусымын ұйымдастыруға кірісеміз деп отыр.

Авторлар: Жандос Айтбайұлы, Сержан Жұмабаев