Алматыда бұрынғы тергеу изоляторы галереяға айналды

Изолятор галереяға айналды. Алматының Сейфуллин көшесіндегі бұрынғы тергеу абақтысы орналасқан аумақта арт-резиденция ашылды. Мұнда қылқалам шеберлерінің туындыларымен қатар инсталляция, мүсіндер мен арт-нысандарды да тамашалауға болады. Алдағы уақытта дыбыс жазып, фото мен бейнетүсірілім студиясын ашу жоспарда бар. Бұл жерде сәнге айналған киім үлгілері мен тоқыма өнеркәсібінің соңғы жетістіктерін көрсететін мамандар да бас қосады.

Қылмыс пен галерея қарама-қайшы ұғым. Соған қарамастан тергеу изоляторы болған аумақ арт-резиденцияға айналды. Өнер мен мәдениеттің түрлі бағытын бір арнаға тоғыстыратын мұндай нысан әзірге елімізде біреу ғана. Яғни алғашқы арт-резиденция осы. Мұнда келушілер тек картина көрумен ғана шектелмейді. Оған қоса шеберлік сағаттарына қатыса алады. Өз қолдарымен түрлі заттардан мүсін, композиция жасап үйренеді. Бейнетүсірілім мен фототүсіруге, дыбыс жазуға машықтанады. Қазір мұнда 10 суретшінің жұмысы қойылған. Оның ішінде Аружан Жұмабектің де еңбектері бар. Ол кескіндеме жанрын таңдаған. Суретті қаламсаппен салады.

«Заманауи өнердің ерекшелелігі сол онда шектеу болмайды», - дейді жас суретші.

Аружан Жұмабек, суретші:

- Салуға болады, жасауға болады. Айтуға болады. Көрсетуге болады. Видеомен көрсетуге болады. Дыбыспен де көрсетуге болады. Заманауи өнердің ішінде бір ғана техника, бір ғана өнер болмайды. Живопись болады краскамен салатын. Біреулер ручкамен салады. Басқа да материалдармен жұмыс істеуге болады.

Арт-резиденция орналасқан аумақтың өзіндік тарихы бар. Тергеу изоляторының әкімшілік ғимаратын 1950 жылдары жапон әскери тұтқындары салған. Ғимарат 30 жылдан бері жекенің қолында болған. Енді міне үрей мен қорқыныш ұялататын орын мәдени ошаққа айналды.

Дина Байтасова, өнер саласының сарапшысы:

- Ескі ғимаратты сақтап қалуға тырыстық. Қалай айтсақ та бұл біздің тарих. Біз алғанға дейін қойма болған екен. Жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Бірақ сыртқы қасбеті де, іші де сол қалпында қалды. Айтарлықтай өзгеріс енгізген жоқпыз. Келушілер қызығып сұрап жатыр. Енді бұл жер жаңа заманауи өнер туындыларының ошағына айналды.     

Қазақстандық өнер қайраткерлерімен қатар шетелдік суретшілер, мүсіншілер, дизайнерлер, фотогрофтар мен операторлар дәл осы жерде бас қосатын болады. Олар осында 3 айдан 6 айға дейін жұмыс істеп, туындыларын көрмеге қояды. Экспонаттарды да жиі жаңартып тұру жоспарланып отыр.

Авторлар: Қарлығаш Қайыпбекова, Сержан Жұмабаев