Шардара ауданында балбал тас табылды

Түркістан облысы Шардара ауданында балбал тас табылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жергілікті тарихшылар көне жәдігерді ежелгі түркі дәуіріне тиесілі деп отыр. Абай – Шардара тасжолының бойындағы «Шекертөбе» егістік алқабынан табылған тас атақты қолбасшыға арнап жасалған сияқты. Өйткені бетінде әскери бас киім анық бейнеленген. Көне жәдігерді тапқан Нүркен Төребеков оны орнына қайта қойып, арнайы қоршау жасатқан. Мұндай жәдігердің Шардара өңірінде табылуы алғаш рет.

Нүркен Төребеков, Шардара ауданының тұрғыны:

- Осы жерде қой айдап бара жатқан кезде жерде жатыр екен, байқап қалдым. Көргенбіз ғой кітаптардан, теледидардан көргенбіз. Не екен деп түртіп, аударып тастадым. Қарасам, көздері, сұлбасы көрінді.

Нұрлан Смайлов, аудандық тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі:

- Шардара ауданы аумағында орналасқан өте көне тарихи нысан. Тарихи орын. Түркілірдің ғұндар жауынгерінің мүсіні соның құрметіне арнайы дайындалған мүсін деп ойлаймын.