424,46 504.55 5.81
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтөбеде «Music Fest Open Air» фестивалі басталды

  • 207
  • UPD: 21:32, 13.06.2021

Ақтөбенің аспанын ән мен күй кернеп тұр. Шаһарда «Music Fest Open Air» фестивалі басталды. Орталық алаңға орнатылған сахнада елге әйгілі өнерпаздар, халық аспаптары оркестрлері мен классикалық музыка ансамбльдері өнер көрсетіп жатыр. 

Әдетте облыстық филармонияда немесе камералық залдарда ғана естілетін бұл әуендер Ақтөбенің орталық алаңында алғаш рет шырқалып отыр. «Классика түні» деп аталған концертке өнер адамдары да, сахна орнатқан мамандар да тыңғылықты дайындалған. Себебі ашық аспан астында әуезді әндердің орындалуы да ерекше. Дегенмен, кешкілік басталған концерттің көрермені аз болмады. Сапалы қойылым ақтөбеліктердің көңілінен шықты. 

Мербол Құспанов, қала тұрғыны:

- Көрермен негізі концертті сағынды. Ол классика болсын, ол заманауи болсын. Концертті сағынған көрермен бүгін оркестрдің орындауындағы барлық классикалық туындыларды тыңдауға келіп отыр. Назарларына қарасаңыз, жүздеріне қарасаңыз барлығы риза. Сол себептен мен бұл бастамаға тек сәттілік тілеймін. 

Ғазиза Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармония өнерпаздары жиырмаға жуық туынды орындады. Екі сағатқа созылған концертте халық аспаптары оркестрі Құрманғазы мен Ахмет Жұбановтан бастап, Вивальди мен Чайковский, Штраустың шығармаларын ұсынды.

Елубай Кенжалиев, Ғ. Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының директоры:

- Әлемдік деңгейдегі классиканы тыңдайтын көрермендердің саны өте аз. Бірақ біз сол деңгейге жеткізуіміз керекпіз. Өзіміздің классиктеріміз Құрманғазы, Қазанғаптың, мысалы жырларымызды таңдайтын көрермендеріміз аздау. Бірақ біз насихаттау керекпіз. Сол себептен де біз халыққа жаз бойына тегін осындай концерттер ұсынып жатырмыз. 

Ашық аспан астындағы фестиваль 2 айға созылады. Маусым мен шілденің әр сенбісінде орталық алаңда орнатылған сахнада түрлі бағыттағы концерт өткізу жоспарланған. Классикадан бастау алған мәдени шара аясында джаз бен рок, заманауи әндер мен романстар кеші де ұйымдастырылады. 

Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы