Қуанышбаев театрының ансамблі қазақ күйлерін заман талабына сай орындауды қолға алған

Елордадағы Қалибек Қуанышбаев театрының ансамблі қазақ күйлерін заман талабына сай әрлеп орындауды қолға алған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жас музыканттардан құралған топ бүгінде көптеген байқауларға қатысып, жеңімпаз атанып жүр. Ерекшелігі – әрқайсысы бірнеше аспапта ойнайды.

Әнел Еділқызы, тілші:

- Қазақ күйлерін заман талабына сай етіп өңдеп жүрген Қуанышбаев театрының ансамблі тыңдармандарын таңқалдыруда. Олар күйге жаңа сипат беріп, ерекше стильді қалыптастырмақ.

Өнерпаздар атадан қалған мұраны кеңінен дәріптеп жүр. Ол үшін тынымсыз еңбек етіп келеді. «Көңіл тебірентер күй шерту өнерімен жас өренді баурап алу – басты мақсатымыз», - дейді.

Ернар Жұматаев, театр директоры:

- Халық аспаптар ансамблі Қуанышбаев театрының қабырғасында ашылды. Бұл енді біздер үшін, еліміз үшін үлкен қуаныш десек те болады. Өйткені осындай үлкен ғимараттын ішінде халқымыздың аспаптары әндері шырқалып тұрса. Қойылып жатқан қойылымдар,спектакльдер арасында өздерінің үлкен рөлдерін атқарып жатса. Мен ойлаймын, біздің театр үшін, қазақ өнер үшіні, құндылықтарымыздың жоғалмауына үлкен күш береді. Рухани күш.

Жас музыканттардан құралған топтың өзгеден ерекшелігі – әрбірі бірнеше музыкалық аспапта еркін ойнайды. «18 орындаушысы бар осындай ансамбльдің құрылуын көптеген жылдар бойы күткен едік», - дейді көркемдік жетекшісі.

Қуандық Қыстықбай, көркемдік жетекшісі:

- Біздің бұрынғы жоғалтып алған көп күйлерімізді қайта жаңғыртып жатырмыз. Оның бірі – осы халық аспаптар ансамблі. Сонау 1991 жылы ашылған болатын, одан ұлт аспаптар ансамблі болды. 2003 жылдары оркестр тарап кеткен болатын. Тарағанда филармонияға ауысып кетті, біз ансамбльсіз қалдық. Енді міне, араға 20 жылдай уақыт салып театр қайтадан халық аспаптар ансамблімен қауышып отыр.

Ансамбльдің барлық мүшесі халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары. Солардың бірі – Жетпіс Нұрмағамбетов.  Еліміздің белгілі сазгері Мұхаметқали Тналиннің жиен немересі Жетпіс бала кезден музыкаға бейім болған.

Жетпіс Нұрмағамбетов, ансамбль мүшесі:

- Музыкаға жеті жасымнан атамның домбырада әндерін, күйлерін естіп, осы жасқа дейін естіп келеміз. Атамның арқасында домбыраға келіп отырмын.

Ансамбльдің құрылғанына бір жыл толмаса да, талантты жас музыканттар көптеген байқауларға қатысып, жетістіктерге жеткен. Олар рухани байлығымыздың насихатталуына үлес қосып, кейінгі ұрпақты ұлттық музыкамызға баулу үшін бар күшін салмақ.

Авторлары: Әнел Еділқызы, Дияс Ковланбаев

Сондай-ақ...