423,75 504.55 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қостанай облысы Май ауылында мәдениет үйі қараусыз қалып, қирап жатыр

  • 186
  • UPD: 20:45, 17.06.2021

Қостанай облысындағы Май ауылында мәдениет үйі қараусыз қалып, қирап жатыр. Қырық жыл бұрын салынған қос қабатты әсем ғимарат, адам көргісіз күйге түскен. Тұрғындар мәдени нысанды сақтап қалу үшін оны мемлекет меншігіне алуды талап етеді. Себебі жұрттың мерекеде баратын жері мен балаларын өнерге баулитын үйірмелері жоқ. Бірақ жергілікті билік халықтың тілегін жүзеге асыруға құлықты емес.

Әкімдік пен тұрғындар арасында дау тудырған мәдениет үйі осы. Ғимарат 1978 жылы салынған. Қазір бір бөлігі опырылып түскен. Құрылыс материалдары әр жерде шашылып жатыр. Аяқ алып жүру мүмкін емес.

Данияр Сұлтанұлы, тілші:

- 420 көрерменге шақталған мұндай мәдени нысан облыста бірен-саран. Өкінішке орай, ғимарат күтімсіздіктен тозып, адам көргісіз күйге түскен. Ал төбесі құлаудың алдында тұр. Екі жарым жыл бұрын қара құлып салынып, есігі тарс жабылған. Дегенмен, жергілікті тұрғындар осы сахнада тірлігі қайнап тұрған концерттер мен думанды қимастықпен еске алады. 

Татьяна Борзунова 20 жыл бойы осы сахнада өнер көрсетті. Мәдениет үйі күні бүгінге дейін ауылдың рухани орталығы болды дейді. Талай думанды мерекенің сәнін кіргізген ғимараттың құлазып тұрғанына қынжылады.

Татьяна Борзунова, Май ауылының тұрғыны:

- Мұнда ән, би кештері жиі өтетін. Көркемөнерпаздар ұжымы, басқа да үйірмелер жұмыс істеді. Енді балаларымыз осындай мәдени тәрбиеден жұрдай болып өспесе дейміз.

Дегенмен, тұрғындар мәдени ошақты күтіп-баптап былтыр өз күшімен жөндеуге бел буды. Сыртын қаптап, мүмкіндігінше сәнін келтіруге тырысты.

Галина Ткаченко, Май ауылының тұрғыны:

- Демеушілердің, жомарт кісілердің қолдауымен миллион теңгедей жинадық. Өз күшімізбен кәріз жүйелерін тартып, бояулар, цемент сатып алдық. Қаржымыз соған ғана жетіп, жұмыс тоқтады. Енді мемелекет ғимаратты меншігіне алса. Әрі қарай жұмыс істеп кетуге көп болып көмектесуге дайынбыз. Облыс әкіміне де хат жолдағанбыз.

Бірақ тұрғындар қанша жерден талпынғанымен клубтың жағдайы бәрібір сын көтермейді. Апатты күйде. Шұғыл түрде күрделі жөндеуге зәру.

Сергей Ендоренко, Май ауылдық округінің әкімі:

- Іргетасы үгітілген. Төбеден су сорғалап ағады. Іші шіріп жатыр. Жарылған жерлері бар.

Мәдениет үйі Кеңес заманынан осындағы құс фабрикасының меншігінде. Кәсіпорын күйрегенде нысанды күтімге алуға мүмкіндігі жетпеді. Енді ескірген ғимаратты мұнан әрі пайдалану қауіпті болғандықтан меншік иесі қаржы тапшылығынан оны мүлде жауып тастап отыр.

Светлана Құлжанова, Бейімбет Майлин ауданы мәдениет бөлімінің басшысы: 

- Мәдениет ошағының болғанына тілектеспіз. Бірақ бюджетке қарасақ, оны көтере алмайды. 18,5 млн теңге жыл бойы бөліну керек. Ондай қаржы бөлінетіндей жағдай жоқ. Барымен қуана отыру керек. Әйтеуір бір-екі-үш бөлмелерінің жағдайы жақсы. Сол бөлмелерін пайдаланып, жұмыстарын өткізе беру керек. 

Ғимаратты қалпына келтіруге орташа есеппен жарты миллиард теңге қажет. Билік оған балама ретінде тұрғындарға балабақшадан бөлмелер беруге дайын. Бірақ ұсынысты бәрі бір ауыздан қабыл алмаған. Облыс әкімдігінен нақты жауап келмесе, мәдениетке алаңдаған жұрт министрлікке дейін шағымданамыз дейді. 

Авторлар: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы