«Хабар» арнасы тікелей эфирде Вена филармониялық оркестрінің концертін көрсетеді

Вена филармониялық оркестрінің концерті бүгін түнде «Хабар» телеарнасынан көрсетіледі.

Бұл 2016 жылдан бастап агенттіктің Еуропа хабар тарату одағының мүшесі болуына байланысты мүмкін болды. Мәдени шараны әлемнің 80 елінде көре алады. Коронавирусқа байланысты концерт ашық ауада, Шёнбрун сарайының аумағында өтеді. Індетпен күрес кезінде жұмыс істеген медицина қызметкерлеріне концертті тамашалауға үш мың орын берілген.

Динара Бисембина, «Хабар» телеарнасының директоры:

- «Хабар» арнасы көрермендері үшін бүгін өте маңызды сәт деп ойлаймыз. Өйткені сағат түнгі 01:00-де біздің көрермендер Венадан тікелей эфирде классикалық концертті көре алады. Бұл өте маңызы зор жоба, маңызы зор концерт деп ойлаймыз, өйткені біздің көрермендер классикалық әлемнің ең жоғары музыкалық композицияларды тыңдай алады.

Бүгін концертті тікелей эфирде тамашалай алмайтындар үшін алдағы сенбі сағат 16:00-де қайталау болады. «Ашық аспан астында классикалық концерт өткізу оңай емес», - дейді сарапшылар. Техникалық жағынан аса дайындықты қажет етеді. Дегенмен, әлем көз тігетін классикалық кешті қазақстандықтар да көруге мүмкіндік алды. Ол үшін түнгі сағат бірде «Хабар» арнасы қосулы болсын.

Нұржамал Үсенбаева, опера әншісі:

- Осындай керемет классикалық концертті тікелей эфирде бергені үшін «Хабар» телеарнасына үлкен алғысымды білдіремін. Мен өте қуаныштымын. Өйткені бүкіл әлемге танымал белгілі Вена қаласындағы симфониялық оркестрдің орындауында үнімен ізі сөнбес мәңгілік музыканы тамашалаймыз.