Парижде қазақстандық жас суретшілердің көрмесі ашылды

Француз жұртының назарына қазақстандық жас шеберлердің суреттері ұсынылды. Париждегі Қазақстан елшілігінде ашылған көрмеге мүгедек балалардың 40-қа жуық туындысы қойылған.

Шараны «Аялаған алақан» қайырымдылық қоры ұйымдастырды. Көрмеге қатысып жатқан балалардың ең кішісі 7-де, үлкені 16-да. Бұл жоба аясында француз тіліне 1982 жылы аударылған «Әуезханның 40 ұлы» атты халық ертегісі бейнеформатта көрсетілді. Таяуда француз, қазақ және орыс тілдерінде де жарық көрмек. Ал қазақстандық жас шеберлердің туындылары Париждегі көрмеден кейін Еуропаның өзге қалаларында көрсетіледі.

Зара Оскар, суретші:

- Балалардың қолынан шыққан суреттер таңдай қақтырады. Тіпті ересек адамдардың өзі бұлай сала бермейді. Әйгілі суртеші Пикассо «кез келген бала суретші» деп айтқандай жас жеткіншектерге өзінің көзқарасын білдіру маңызды. Өнер осыны жүзеге асыратын бірден бір жол.

Роксан Пуату, Шығыс тілдері және өркениеттер институтының студенті:

- Балалардың шығармашылығы мені қатты жігерлендірді. Олардың туындыларын шетелде насихаттау маңызды. Бұл жас шеберлерді шабыттандырып, шығармашылық тұрғыдан дамуына көп көмегін тигізеді деп ойлаймын.