Түркістанда түркітілдес халықтардың жас көшбасшылары бас қосты

«Түркістан – түркі әлемінің бесігі» атты халықаралық саммитке бірқатар елден 200-ге жуық делегат қатысып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жиын үш күнге жалғасады. 

Түркітілдес халықтардың белсенді жастары сапар басын күн санап көркейіп келе жатқан Түркістан шаһарының қазіргі келбетімен танысудан бастады. Қонақтар алдымен Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне зиярат жасап, «Әзірет сұлтанның» жерасты мешітін аралап көрді. Сонымен қатар шаһардың ең көне орны саналатын Күлтөбе қалашығына барып, қазба жұмыстары кезінде табылған құнды жәдігерлерді тамашалады. Қонақтардың дені Түркістан қаласын көруді көптен бері армандағанын айтады. Бүгін алғаш рет түркі халықтарының рухани астанасына келіп, тамсанып жатқанын жеткізді.

Ленария Муслюмова, Татарстан Республикасынан келген делегация өкілі:

- Мен алғаш рет осыдан 6 жыл бұрын алғаш рет Қазақстанға, Орал қаласында өткен жиынға келгенмін. Енді міне, күллі түркі жұртының қара шаңырағы, ортақ Отаны, құнды қазынасы саналатын Түркістан шаһарына табанымыз тиіп отыр. Тарихи орындарды аралап, мәдениетіміз бен тарихымыздың ортақ екеніне тағы да көз жеткізіп жатырмыз.

Октай Махшер, Түркия Республикасы Жастар ісі және спорт министрлігі Жастар ісі бойынша қызмет көрсету департаментінің бөлім меңгерушісі:

- Түркістан – барша түркітілдес халықтардың рухани астанасы. Енді осы шаһарда түркі халықтары көшбасшы жастардың бірігіп, бас қосып, ынтымақтасты артырып жатқаны түркітілдес халықтар үшін баға жетпес байлық деуге болады. Бұл қаны бір, тарихы ортақ, бауырлас халықтар үшін үлкен мүмкіндік. Сондықтан осындай бастама көтергені үшін Қазақстанға алғысымызды білдіреміз.

Жастар саммиті түркітілдес халықтардың көшбасшылары мен белсенділері арасында өзара ынтымақтастықты арттырып, ортақ тарих пен мәдениеті насихаттау және дәстүр мен құндылықтарды дәріптеу мақсатында ұйымдастырылып отыр. Басқосуда болашақта түркі әлемінің даму жолын ортақ пайымдап, «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» идеясын ілгерілету мәселелері көтерілмек.

Олжас Төлеген, ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері бойынша комитетінің бас сарапшысы:

- Саммит барысында алты мемлекеттің жастар ұйымдары өзара қарым-қатынасты дамыту жөніндегі меморандумдарға қол қоятын болады. Сондай-ақ бірқатар маңызды семинар-тренингтер өткізіледі деп жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде қазақстандық жастардың басқа елдердегі замандастарымен тәжірибе алмасуға және пікір алмасуға зор мүмкіндік болмақ

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған шара үш күнге жоспарланған. Айта кетейік, ағымдағы жылдың 31 наурызында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Түркі мемлекеттері ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммитінде Түркістан қаласы «Түркі әлемінің рухани астанасы» деп жарияланған болатын. Саммит барысында еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бұл бастама түркітілдес мемлекеттер арасындағы ынтымақтастыққа қосымша серпін беретініне сенім білдірген болатын.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы