Түркияда Мұқағали Мақатаевтың есімі ұлықталды

Түркияның төрінде Мұқағали Мақатаевтың есімі ұлықталып, «Және қайтып барасыңдар, тырналар» атты өлеңдер жинағының тұсаукесері өтті.

Түркияның бас қаласы Анкарада Мұқағали Мақатаевтың есімі асқақтады. Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының ұйытқысымен өткен іс-шара отты поэзия, тұнық лирикасымен ерекшеленген ақиық ақынның 90 жылдығына орайластырылды. Салтанатты шарада алты тілге тәржімаланған туындының таныстырылымы өтті. Енді ақынның шығармаларын қырғыз, түрік, әзербайжан, өзбек, түрікмен және башқұрт тілдерінде оқуға болады. Айтулы іс-шараға Мәдениет және спорт министрлігі, Алматы облысы әкімдігінің өкілдері, өнерпаздар мен ақынның ұрпағы Жұлдыз Мақатаев арнайы табан тірепті.

Жұлдыз Мақатаев, Мұқағали Мақатаевтың ұлы:

- Әкеміз мына қазақ халқына, өзінің етене туған еліне танымал болды ғой. Ал енді мынау ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бастамасымен әкеміздің шығармашылығы бұрынғы Совет Одағының егемендігін алып шыққан түркі халықтарына белгілі болды. Және мына Түркияның қалың оқырмандарына белгілі болып отыр. Бұл шараның қасиеті осында ма деп ойлаймын.  

Жиынның панельдік отырысында түркі жұртының ғалымдары мен ақындары Мұқағали Мақатаевтың шығармаларын талқылады. Бірегей тұлғаның өмірінен сыр шертіп, өлеңдерінен үзінділер оқыды.

Сондай-ақ отырыста Мұқағали Мақатаев атындағы халықаралық қордың төрайымы Бақытгүл Айдарова, ақын Қожогелді Күлтегін арнайы медальмен марапаттады.

Қожогелді Күлтегін, Түрксой өкілі, ақын:

- Мұқағали Мақатаев заманауи ақын. Оның шығармаларын қай тілге де аударса да оқырмандары көп болады. Өзге тілдерде де әсерін жоғалтпайды. Кейбір абстракциялық ақындар болады. Олар көп көтерілмейді. Есенинге ұқсайды. Оның да шығармалары, әлемнің барлық тілдерінде де мағынасын жоғалтпайды. Бірақ кәсіби ақын аудару шарт.    

Небәрі 45 жыл ғұмырында халқына өшпес рухани мұра қалдырған ақынның 90 жылдығы Кастамону қаласында да аталып өтті. Ішкі Анадолыда ақынның өлеңдері мен әндері шырқалып, қала тұрғындары мен қонақтарын тәнті етті. Сонымен қатар Мұқағали Мақатаев қоры Кастамону провинциясының губернаторы мен қала мэрі алғысын айтып, арнайы медальмен марапаттады.

Сондай-ақ...